Зеленский Ресей келісімді бұзған жағдайда әрекет ету жоспарын айтып берді

Зеленский Ресей келісімді бұзған жағдайда әрекет ету жоспарын айтып берді
26.03.2025 09:14
0
1016
t.me/V_Zelenskiy_official
Украина кез келген бұзушылықты халықаралық деңгейге шығарады

Украина Президенті Владимир Зеленский 25 наурыздағы баспасөз брифингте Ресей тарапынан атысты тоқтату режимі бұзылған жағдайда Киевтің қандай әрекетке баратынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Оның айтуынша, ресми мәлімдемелерде мұндай жағдайда нақты жауаптар көрсетілмеген, себебі келіссөздердің бұзылмауын қалаған АҚШ тарапы егжей-тегжейге терең үңілмеуді жөн көрген.

– Бұл мәселе мәлімдемеде нақты жазылмаған. Өйткені америкалық тарап бұл алғашқы келіссөздердің бұзылмауын қатты қалады. Бірақ біз бәрібір барлық детальға жауап іздеуіміз керек, – деді Зеленский.

Украина президентінің айтуынша, егер Ресей келісімді бұзып, оқ атуды қайта бастаса, Киев АҚШ-қа дәлелдер мен фактілерді жолдап, ресми түрде шағымданады.

– Қазірдің өзінде бізге берілген жауап бар. Егер атыс басталса, біз америкалық тарапқа жүгініп, Ресейдің келісімді бұзғанын дәлелдермен көрсетеміз, – деді ол.

Зеленский сондай-ақ мұндай жағдайда Украина АҚШ-тан санкциялық қысымды күшейтуді және әскери көмекті арттыруды сұрайтынын жеткізді.

Ол Ресейдің Қара теңіз бастамасын бұзуға бейімділігін еске алып, бейбіт келіссөздерге сенім арту қиын екенін мойындады. Дегенмен Украина бұл процесте дұрыс қадам жасап отырғанын баса айтты.

– Қазір бұл келіссөздер мен қабылданған шешімдер – дұрыс бағыттағы қадам. Украина бейбітшілікті қаламайды деп ешкім айта алмайды, – деді Зеленский.

Еске салайық, 23-25 наурыз күндері Эр-Риядта АҚШ пен Украина делегациялары техникалық деңгейде келіссөздер өткізген болатын. 24 наурыз күні АҚШ пен Ресей өкілдері де 12 сағаттық жабық кездесу өткізді.

Вашингтон тарапынан таратылған мәлімдемеде Қара теңіздегі қауіпсіз тасымалды қамтамасыз ету және энергетикалық нысандарға соққы беруге тыйым салатын механизм әзірлеу туралы айтылған. Ал Кремль 30 күндік атысты тоқтату мерзімі 18 наурыздан басталатынын мәлімдеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий