Зеленский: «Украина мен Ресей бір бөлмеде келіссөз жүргізбейді»

Украина президенті Владимир Зеленский украиналық сарапшылар дүйсенбі күні(24 наурыз) Сауд Арабиясында өтетін келіссөзге қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл кездесуде Украина сарапшылары Ресей өкілдерімен бір бөлмеде отырмайды. Украина басшысының айтуынша, келіссөздерде АҚШ делегациясы делдалдық жасайды.
«Келіссөздерге сарапшылар қатысады. Бастапқыда Украина мен АҚШ арасында кездесу өтеді. Содан кейін АҚШ делегациясы Ресей тарапының өкілдерімен жеке кездесіп, арада дипломатиялық байланыс орнатады», – деді Зеленский Норвегия премьер-министрімен бірлескен баспасөз мәслихатында.
Зеленскийдің айтуынша, Киев АҚШ-пен келісілген атысты тоқтату режиміне жататын нысандар тізімін дайындап жатыр. Олардың ішінде тек энергетикалық нысандар ғана емес, теміржол және порт инфрақұрылымы да болуы мүмкін.
Украина президенті Еуропа елдерін Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп, Киевке әскери көмекті арттыруға шақырды. Оның айтуынша, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның Украинаны қолдауға қатысты ұстанымы Еуропаға қарсы позиция болып табылады.
Айта кетейік, Норвегия жақында Украинаға беретін көмегін екі есеге арттырып, 2024 жылға 35 миллиард кроннан 85 миллиард кронға (шамамен 8,03 миллиард доллар) жеткізді. Бұл қаржы артиллериялық оқ-дәрілерді, ұшқышсыз аппараттарды және украиналық қорғаныс өнеркәсібін дамытуға жұмсалады.
Сондай-ақ Норвегия – Еуропадағы әскери көмекті қарызсыз, өз қаржысы есебінен бере алатын жалғыз мемлекет. Бұл елдің мұндай мүмкіндігі газ экспортынан түскен табыстың еселеп өсуімен байланысты.
Норвегияға дейін Зеленский Финляндияға барған болатын.
Соңғы жаңалықтар





