Зерттеуші: 2050 жылы әр бесінші қазақстандықтың жасы 60-тан асады
Paperlab зерттеу орталығының Making New Experts бағдарламасының түлегі Дарина Дәулетбектің айтуынша, Қазақстанда туу көрсеткіші мен неке санының азаюы халық санының табиғи кемуіне емес, 1990 жылдары орын алған демографиялық құлдыраудың заңды салдарына байланысты. Қазіргі таңда елдегі негізгі экономикалық және әлеуметтік белсенді буын өкілдерінің азаюы ұзақ мерзімді демографиялық сынақтарға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы маман «Жиза» подкастында әңгімеледі.
«Тоқсаныншы жылдардың аяғында туғандар — қазір шамамен 26 мен 35 жас аралығындағы азаматтар. Бұл — қоғамдағы негізгі қозғаушы күш: шаңырақ көтеріп, бала сүйетін, жеке бизнесін ашып, ел экономикасын алға сүйрейтін кемеліне келген буын. Алайда қазір елімізде мұндай жастардың үлесі өте аз. Себебі тоқсаныншы жылдары демографиялық құлдырау болып, бала туу көрсеткіші төмендеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары отбасын құру жасы да ұлғайды. Қазіргі таңда некеге тұру мен туу көрсеткіштерінің төмендеуі төңірегіндегі шудың негізгі себебі — осы демографиялық ойпат. Өйткені шаңырақ көтеретін жастағы азаматтардың саны аз болса, неке де өз-өзінен азаяды. Бұл — табиғи заңдылық», — деді Дарина Дәулетбек.
Сарапшының айтуынша, жастар үлесінің азаюы тек неке мен туу көрсеткіштеріне емес, сонымен бірге аға буынды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де тікелей салмақ түсіреді.
«Дегенмен, бұл демографиялық шұңқырдың тағы бір қауіпті тұсы бар. Бұл буынның артында өзінен екі есе үлкен ата-анасы мен әже-аталары тұр. Яғни, осы аздаған жастардың мойнына үлкен экономикалық және әлеуметтік жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл жағдай Қытайдағы «бір отбасы — бір бала» саясатының салдарына ұқсас. Қытай демографтары бұл құбылысты «4-2-1» концепциясы деп атайды. Яғни, төрт ата-әже мен екі ата-анасы бар отбасыда бір ғана бала дүниеге келіп, кейін сол жалғыз бала өскесін мойнымен алты адамды бағып-қағуға мәжбүр болады. Оның үстіне, ол елде өмір сүру ұзақтығы да жоғары. Бүгінде Қазақстанда да осыған өте ұқсас демографиялық көрініс қалыптасып келеді», — деді Дарина Дәулетбек.
Қалыптасқан демографиялық ахуалды қысқа мерзімде өзгерту мүмкін болмағандықтан, мамандар алдағы онжылдықтарға арналған ұзақ мерзімді жоспарлаудың маңыздылығын алға тартады.
«Бұл мәселені қазір түзету мүмкін емес, өйткені ол уақытында кенеттен орын алған шок еді. Сондықтан өткенге емес, алдағы болашаққа қарап шешім қабылдау керек. БЖЗҚ болжамына сүйенсек, 2050 жылға қарай әрбір бесінші қазақстандықтың жасы 60-тан асады. Бұл — жақын арада келетін шындық. Екінші жағынан, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Сапалы медицинаға қолжетімділік ұлғайды. Еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдыңғы қатарлы серіктестерінің бірі ретінде медицина сапасы, вакцинация, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту көрсеткіштері бойынша айтарлықтай табыстарға жетті. Соған қарамастан, біз 2050 жылдың қамын қазірден бастап ойлауымыз керек. Өйткені қазіргі туындаған мәселелерге кезінде мән берілген жоқ. Енді уақыт жоғалтуға болмайды, себебі дhttps://www.youtube.com/watch?v=Rvwh8cQcqxAемография күтіп тұрмайды» — деді Дарина Дәулетбек.
Соңғы жаңалықтар