Зерттеуші желтоқсаншылардың әйелі туралы: Түрмеде бірге тұрып, баласын сол жерде босанған

13.07.2026 19:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Зерттеуші желтоқсаншылардың әйелі туралы: Түрмеде бірге тұрып, баласын сол жерде босанған
152
Фото: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды

Мемлекет қайраткері, «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, зерттеуші Болатбек Төлепберген Желтоқсан дүрбелеңі кезіндегі қазақ қыздарының ерен ерлігі мен жанқиярлығына ерекше тоқталып, жазықсыз сотталған азаматтардың соңынан іздеп барған арулардың қайсарлығына тәнті болғанын әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Мені таңғалдырған басты дүние — қазақ қыздарының қайсарлығы болды. Кезінде Желтоқсан дүрбелеңінде 99 азамат сотталып кетті. Сол азаматтар түрмеде отырған кезде, артынан іздеп барып, сол жерде некесін қиған қыздарымыз болған. Бұл да бір таңғаларлық жағдай. Ол қыздарға кезінде ата-анасы да, туыстары да: «Әй, ол жігіт кетті, бітті енді. Түрмеде не болады, қалай болады? Қайтып келгенде қандай адам болып оралады?» — деп айтты ғой. Бірақ сол қыздар өзінің қайсар мінезінің арқасында осындай қиындықтарға қарамастан, жігітінің артынан іздеп барды. Барды да, сол түрмеде некесін қиды. Солардың бірі — Құрманғазы Айтмырзаев деген азаматтың жолдасы. Алма деген апамыз сонау Ресейдің түкпіріндегі түрмеге, азаматының артынан іздеп барып, үйленеді. Сол түрмеде бірге тұрып, алғашқы балаларын да сол жерде дүниеге әкеледі», — деп бөлісті Болатбек Төлепберген.

Сонымен қатар қоғам қайраткері түрме азабын тартқан басқа де желтоқсаншылардың тағдырынан нақты мысалдар келтіріп, бұл қаһармандықты тарихтағы декабристердің әйелдері жасаған ерлікпен теңестіруге болатынын мәлімдеді.

«Расылхан Құдайбергенұлы деген азамат бар. Ол кісінің де жолдасы сонау Читаға іздеп барып, Ресейдің түрмесінде некесін қидырады. Осындай жағдай болған. Одан бөлек, тағы бір үш-төрт азаматтың сүйген қызы артынан іздеп барып, түрмеде некесін қиып, кейін елге келіп, осылай беташарларын жасаған. Сондай оқиғалар болған. Сондықтан бұған қалай таңғалмайсың? Бұл енді кезіндегі Ресейдегі декабристердің оқиғаларын еске салады ғой», — деді Болатбек Төлепберген.

Войдите, чтобы оставить комментарий