Жамбыл облыстық сотының басшысы қызметінен босатылды

23.02.2026 12:00 Арман Ермеков
Жамбыл облыстық сотының басшысы қызметінен босатылды
238
Ербол Ахметжанов қызметінен босатылды / Фото: Жамбыл соттары

Астанада өткен жиында Қазақстанның Жоғары Сот Кеңесі Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Ербол Ахметжановты лауазымынан шеттетті, деп хабарлайды Politico.kz.

«Отырыс барысында Жамбыл облыстық сотының төрағасы міндетін атқарушысын қызметінен босату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларын тағайындау туралы ұсыныстары қаралды.

Қарау қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушысы қызметінен босатылды.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңының талаптарына сәйкес Астана қалалық соты, Алматы қалалық соты және Жамбыл облыстық соты төрағаларын тағайындау жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Барлық бос лауазымдарға ұсыныстар баламалы негізде енгізіледі, бұл іріктеу рәсімдерінің бәсекелестігі мен объективтілігін қамтамасыз етеді.

Талқылау нәтижесінде Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсыныстарын қолдап, кәсіби тәжірибесі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ең білікті әрі тәжірибелі судьяларды ұсынды.

Дмитрий Малаховтың төрағалығымен Жоғары Сот Кеңесі өз қызметін заңдылық, ашықтық және айқындық қағидаттарына негіздей отырып жүзеге асырады. Бұл кадрлық шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етіп, елдің кәсіби, тәуелсіз және тұрақты судьялар корпусын қалыптастыруға ықпал етеді», – делінген Жоғары Сот Кеңесінің хабарламасында.

Бұған дейін қаңтар айының 27-сінде Ербол Ахметжанов Тараз қаласындағы мейрамханалардың бірінде 60 жас мерейтойын атап өткен болатын. 80-ге жуық қонақ жиналған жиынға жоғары лауазымды шенеуніктердің мемлекеттік қызметтік көліктермен келгені туралы ақпарат тараған еді.

61 жастағы Ахметжанов Ербол Ұлатайұлы еңбек жолын Алматы гарнизонының әскери сотында бастап, кейін Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотын басқарды. Ол Жамбыл облыстық сотының төрағасы қызметін 2020 жылдың ақпан айынан бері атқарып келген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий