Жамбыл облысында 360 миллион теңгеге апатты көпір қайта жөндеуден өтті
Жамбыл облысының Шу ауданында «Қазақмыс» корпорациясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп апатты жағдайдағы көпірді қайта жаңғыртты. Дінмұхамед Қонаев атындағы ауылдан Бірлік ауылына баратын жолдағы «Шатыркөл» су ағызу каналы арқылы өтетін бұл өткел қазір толықтай пайдалануға берілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Құны 360 миллион теңгені құраған жоба теміржол және көлік инфрақұрылымы аймағында көліктердің қауіпсіз әрі тұрақты қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
«Біз мұндай нысандарға тек өндірістік қажеттілік ретінде емес, әлдеқайда ауқымды тұрғыдан қараймыз, көпір аудан тұрғындары белсенді пайдаланатын жолда орналасқан, сондықтан оның жағдайын бағалау кезінде басты назар адамдардың қауіпсіздігіне және инфрақұрылымдық тәуекелдерді азайтуға аударылды», – деді «Қазақмыс корпорациясы» серіктестігінің тұрақты даму және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Сәкен Шаяхметов.
Бастапқы уақытта көпір «Шатыркөл» кенішінен Бірлік теміржол станциясына жүк тасымалдау үшін пайдаланылса, кейін байыту фабрикасы іске қосылып, шикізат кен орнының өзінде өңделетін болды. Осылайша өндірістік логистика оңтайландырылып, қазіргі таңда бұл жол арқылы тек дайын концентрат тасымалданады және көлік қозғалысының қарқыны айтарлықтай азайған.
Өнеркәсіптік жүктеменің төмендегеніне қарамастан бұл нысан жақын маңдағы елді мекен тұрғындары мен транзиттік автокөліктер үшін маңызды торап болып қала береді. Қайта жаңғырту жұмыстары өткелдің сенімділігін арттырып, оны алдағы уақытта тұрақты әрі қауіпсіз пайдалануға толық жағдай жасады.
Соңғы жаңалықтар