Жамбыл облысында әріптесінің үйін тонаған мұғалім сотталып кетті

02.07.2026 11:22 Әсел МҰРАТ
Жамбыл облысында әріптесінің үйін тонаған мұғалім сотталып кетті
213
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Жамбыл облысында әріптесінің үйіне бірнеше рет ұрлыққа түскен мұғалімге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Сотқа жүгінген әйел мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Былтыр оның туған інісі үйдің кілтін сұраған кезде, әріптесі кілттің қайда сақталатынын байқап қалады. Бірнеше күннен кейін ол жұмыстан ертерек шығып, кілтті алып, әріптесінің үйіне заңсыз кірген.

Тергеу материалдарына сәйкес, алғашқы кірген күні ол алтын кулон мен алтын сақинаны ұрлаған. Арада бірнеше күн өткен соң дәл сол тәсілмен үйге қайта кіріп, алтын алқа мен алтын білезікті қолды еткен.

Сот отырысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші өзіне келтірілген материалдық шығынның толық өтелгенін мәлімдеді.

Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігіне сәйкес, бірнеше рет жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сот үкімімен айыпталушы 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда оның кәмелетке толмаған қызының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі қызы 14 жасқа толғанға дейін, яғни 3 жылға кейінге қалдырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий