Жамбылда аңшылыққа кеткен ер адам туысының қолынан қаза тапты
Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында тауға демалуға барған екі туыстың бірі қарудан атылған оқтан қаза болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға «Танқай» жайлауында болған. Алматыдан келген 54 жастағы ер адам 59 жастағы туысының үйіне қонаққа келген. Келесі күні екеуі тауға бірге шығып, өздерімен бірге қонақтың атына тіркелген екі мылтықты алып барған.
Ер адамдар қараусыз қалған фазенданың маңына тоқтаған. Сол жерде алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін 54 жастағы Б. К. мылтық алып, суыр аулауға кеткен. Ал оның туысы екінші қарумен қалып, бос темір банкаларды нысанаға алып атқан.
Осы кезде күтпеген жерден оқ атылып, оқ суыр аулап жүрген Б. К.-ға тиген. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соғу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда күдіктіге қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны туралы ақпарат жоқ.
Соңғы жаңалықтар