«Жаңа адамдар» Каспийді қорғау үндеуін халықаралық деңгейде жеткізді
Әзербайжан астанасы Баку қаласында әлемдегі ең ірі халықаралық алаңдардың бірі – 13-ші Дүниежүзілік қалалық форум (WUF13) өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Форумда қалалардың болашағы, экология және тұрақты даму мәселелері талқыланып, оған әлемнің 182 елінен сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен үкімет өкілдері қатысты.
Форум аясында өткен «Climate Resilient Cities and Communities across the Caspian Region: Unlocking Climate Finance for Urban Adaptation» атты экологиялық сессияда «Жаңа адамдар» қозғалысының AntiTrash азаматтық науқаны Каспий теңізінің мәселесін халықаралық деңгейде көтерді.
Сессия барысында Каспий өңіріндегі климатқа төзімді қалаларды дамыту, теңіз экожүйесін сақтау және экологиялық жауапкершілік тақырыптары қозғалды. Белсенділер табиғатты қорғау тек мемлекеттер мен ұйымдардың міндеті емес, әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.
Бұған дейін де «Жаңа адамдар» қозғалысы Қазақстанда Каспий мәселесін бірнеше рет көтерген. Ақтауда экологиялық акциялар ұйымдастырып, Каспий маңындағы мемлекеттерге үндеу жолдаған болатын. Енді бұл бастама халықаралық форумда жалғасын тапты.
Соңғы жылдары Каспий теңізінің тартылуы мен биоалуантүрліліктің азаюы халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің біріне айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Каспийді сақтау мәселесін бірнеше халықаралық алаңда көтерген еді.
Форум барысында «Жаңа адамдар» қозғалысы Каспий теңізіне арналған ерекше көркем бейне де ұсынды. Толқын бейнесіндегі көйлек теңіз экожүйесінің символы ретінде көрсетіліп, су деңгейінің төмендеуі мен табиғи өзгерістерді бейнеледі. Ал «Save the Caspian Sea» жазуы Каспий тағдыры адам әрекетімен тікелей байланысты екенін жеткізді.
«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Аманов Бауыржан Каспий маңындағы елдерді ортақ жауапкершілікке шақырды.
– Каспий тағдыры бәрімізге ортақ. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, – деді ол.
Соңғы жаңалықтар