Жаңа адамдар жалған анықтама саудалаған Ayana Clinic-ті карантинге жапты
Жаңа адамдар Ayana Clinic-ті жүйелі түрде жалған анықтама сатқандығы үшін карантинге жапты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Жалған анықтамалар сату — қоғамдағы терең дерттің көрінісі. Адамдар пайда үшін қадір-қасиеттен аттауды қалыпты нәрсе деп қабылдағанда, осындай жағдайлар көбейе береді. Жаңа адамдар мұндай «қалыптылыққа» көз жұма қарай алмайды және үнсіздік — қылмысқа қатысу екенін нақты кейстер мысалында көрсетеді.
 
Осыған дейін белсенділер Кенжебек Кумисбеков көшесі, 8 мекенжайындағы «Ayana Clinic» клиникасында жалған медициналық құжаттардың жүйелі түрде сатылатынын анықтаған болатын. Мәселеге қоғамның назарын аудару үшін Жаңа адамдар клиника алдына клиенттер өтпеген 150 үш литрлік банканы «талдаулармен» әкелді. 
 
Жақында белсенділер «Ayana Clinic»-тің Ұлы Дала көшесі, 45/1 мекенжайындағы жаңа филиалын тексеріп, ештеңенің өзгермегенін анықтады — жалған анықтамалар әлі де еш қиындықсыз сатылуда. Алдыңғы резонансқа және БАҚ назарына қарамастан, клиника қызметкерлері мен басшылығы ешқандай қорытынды шығармаған. Әкімшілер мен иелер әлі де жалғандықты табыс көзіне айналдырып, адамдарды алдауды жалғастыруда. Рейд кезінде белсенділер жасырын бейнеге жалған құжаттардың нақты бағаларын түсірді: флюра талдауы — 1000 тг, санитарлық кітапша — 4000 тг, ал «өткен күнмен» берілетін анықтама — 6000 тг. Бұл құжаттар ешқандай тексеріссіз, талдаусыз беріледі — клиника қызметкерлері ғаламтордан дайын суреттерді көшіріп, мөр басады. Тіпті, екі 15 жастағы жасөспірімнің әрқайсына 6000 теңгеден жалған анықтама сатылды.
Бұл — жай ғана салғырттық емес, бұл —қоғамды жайлаған қауіпті «липавирус». Сондықтан AntiLIPA азаматтық науқаны клиниканы «липавирустық карантинге» жапты. Белсенділер ғимарат ішіне кіріп, бөлмелерді AntiLIPA жапсырмалары мен ленталарымен қоршап, аурудың жұқтыру көзіне символдық түрде тосқауыл қойды.
Соңында Жаңа адамдар клиника әкімшілігіне ресми «Липавирус» диагнозы жазылған анықтаманы табыстады: өзін және өзгені алдауды тоқтату емшарасы тағайындалды. Барлық жиналған дәлелдер мен материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Даниил Львов, AntiLIPA азаматтық науқанының көшбасшысы:
«Алдау қалыпты нәрсеге айналған кезде, қоғамның дерті созылмалы түрге өтеді. Біз клиникаға қарсы емеспіз — біз жауапсыздық вирусына қарсы күресеміз. Өйткені адал Қазақстан — фейк тоқтаған кезде басталады. Мәселе бір клиникада емес, бүкіл жүйеде: адамдар өтірікті сатып алып жүргенде, оны сататындар да табылады. Симптомды емес, себепті емде. Өзіңнен баста».
Соңғы жаңалықтар
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                            