«Жаңа өмірлік кезең басталды»: қазақ тілінде жазған Турлов елді таңғалдырды
Танымал кәсіпкер, Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов қазақ тілінде жазба қалдырып, көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Бүгін 38 жасқа толдым. Маңызды бір белесті еңсеріп, мүшел жастан шықтым деуге болады. Көп дүние тындырылды, талай оқиғалардан өттім. Енді жаңа өмірлік кезең басталды. Ол тек жақсылық пен береке әкелсін деп тілеймін.
Мен, шынында да, өте бақытты адаммын. Менің керемет отбасым, ең талантты командам, шынайы достарым мен артымда тұтас бір елім бар. Жұмыс істеуге күш-жігерім мен ықыласым да бар. Ұзаққа жоспар құрып, бір керемет дүние жасауға уақыт пен мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Бұл үлкен бәсекелік артықшылық сияқты әрі осы жолда бізге қосылып жатқан көптеген таланттарды шабыттандырады!
Бұл қызық жыл болды. Өз сабақтарымен, жеңістерімен, қателіктерімен есте қалған қызық жыл. Бәрі менің өсу жолымның бір кезеңіне айналды. Айналамдағы адамдарды және шынымен маңызды нәрсені істеу мүмкіндігін одан сайын бағалай бастадым. Шүкір.
Шынымды айтсам, жеңіл өткен бірде-бір «қарапайым жыл» есімде жоқ. Бұл жыл да оңай болмады. Бірақ, сірә, даму деген нәрсе онсыз болмайтын сияқты.
Өмірдің жаңа кезеңі шабытқа толы болып, біз жасап жатқан іске мақтан тұтар себептер көбейе берсін.
Жылы лебіздер мен құттықтауларыңызға рақмет! Рахмет, достар!», - деп жазды Турлов.
Кәсіпкердің бұл жазбасының астына көпшілік жылы пікірлері мен құттықтауларын жазды.
Соңғы жаңалықтар