"Жаңа туған баламды қырқына дейін өзім бақтым": Сәрсемәлиев қайын жұртын неге кінәлайды?

17.06.2026 14:35 Мөлдір ҚАЙНАР
308
Фото: видеодан скриншот

Атырауда төрт адамның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев отбасы ішіндегі бұрынғы жанжалдарға тоқталып, жұбайының жүктілігі мен босанғаннан кейінгі кезеңде болған оқиғаларды баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Сәрсемәлиевтің айтуынша, жұбайы бесінші баласына аяғы ауыр кезінде денсаулығына байланысты шұғыл отаға түсуі керек болған. Сол түні дәрігер оған хабарласып, әйелінің өміріне де, іштегі сәбиіне де кепілдік бере алмайтындарын айтып, ауруханаға келіп қолхат беруін сұраған.

«Дәрігер қоңырау шалып, әйелімнің отаға кіретінін айтты. "Сен керексің, қолхат керек. Әйеліңнің аяғы ауыр. Балаңа да, әйеліңе де кепілдік бермейміз, операция болады" деді. Мен бірден барамын дедім. Бірақ қайын атам да, қайын ағам да қарсы болды. "Балаларды бағып үйде отырасың. Егер кетсең, балаларды өз анаңа апарып тастайсың" дегендей болды. Бұл маған өте ауыр тиді», – деді айыпталушы.

Оның сөзінше, осы жағдайдан кейін енесі жүктілікті тоқтатуды талап еткен.

«Әйелім бесіншіге аяғы ауыр кезінде енем "бала өліп қалсын, ол бала керек емес, алдырсын" деді. Мен баламды алдырмау үшін барымды салдым. Кейін тексерістен өткенде, қанша дәрі салынса да, әйелім, баламның іште сау екені белгілі болды. Сол кезде "сау бала, алдырмаймыз" дедім», – деді Сәрсемәлиев.

Айыпталушының айтуынша, жары босанғанда өзі серіктес ретінде босану бөлмесіне бірге кірген. Кейін жұбайы ауруханада он күн жатқанда сәбиге де, әйеліне де өзі қарағанын айтты.

«Ақбаян босанғанда партнер болып өзім кірдім. Қырғын әйелдердің арасында он күн ауруханада жаттым. Балама да, әйеліме де өзім қарадым. Қайын жұртыма "келіп қарасыңдар" дедім. Бірақ "өзің жата бер" деді. Бұл маған өте ауыр тиді. Әйелім баласын танымады, қабылдамады. Үйге шыққаннан кейін де қырқынан шыққанша еркек басыммен өзім қарадым. Бірақ маған өте ауыр болды, психологиялық күйзеліске түстім. Қайын жұртыма тағы да келіп қарасыңдар дедім, бірақ құлақ аспады. Содан кейін анама, ауылға апарып тапсырдым», – деді ол.

Сәрсемәлиев бұл сөздерін марқұмдарды қаралау немесе өзін ақтау үшін емес, сол кездегі отбасындағы жағдайды түсіндіру мақсатында айтып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, осы оқиғалардан кейін екі жақтың арасындағы қарым-қатынас мүлде шиеленісіп, жанжалдар жиілеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий