«Жанды дауысқа жететін ештеңе жоқ»: Дастан Оразбеков фонограммаға тыйым салынған заңды қолдайтынын мәлімдеді
Qazaqstan ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында қонақ болған әнші Дастан Оразбеков фонограммаға тыйым салуды көздейтін заңға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Өнер иесі бұл бастаманы толық қолдайтынын айтып, жанды дауыстың құндылығына ерекше тоқталды. Әншінің айтуынша, сахна — шынайылықты талап ететін кеңістік.
«Мен үшін бұл — жақсы жаңалық. Біреуді даттағым келмейді, біреуге тиісіп сөйлеуді де мақсат етпеймін. Бірақ өнер адамы болған соң, шынайы, жанды өнерді насихаттауымыз керек. Үйде отырып магнитофоннан тыңдауға болады. Ал концертке келіп, тірі дауысты естудің әсері мүлде бөлек. Жанды дауысқа жететін ештеңе жоқ», — деді Дастан Оразбеков.
Ол бұл шешімнің эстрада өнерінің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімді екенін де жеткізді. Сондай-ақ әріптестері арасында да бұл заңды қолдап жатқан өнер иелері көп екенін атап өтті.
— «Күнде көріп жүрген әріптестерімнің парақшасынан “дұрыс болды”, “өте орынды шешім” деген пікірлерді жиі байқаймын. Бұл — қуантарлық жағдай», — деді әнші.
Желі қолданушылары да Дастан Оразбековтің пікіріне қолдау білдіріп, жылы лебіздерін жаудырды.
«Мықты дауыс иесі», «Роза апайымыздың арманы орындалды», «Бұрыннан болу керек еді, халықты алдауды қою керек», «Өнер — тірі дауыспен ғана бағалы» деген пікірлер көптеп жазылып жатыр.
Фонограммаға тыйым салу туралы бастама қазақстандық эстрадада қызу талқыланып жатқан тақырыптардың біріне айналды. Ал Дастан Оразбеков сынды жанды дауысты қолдайтын өнер иелерінің пікірі бұл өзгерістің қоғам тарапынан қолдау табуына ықпал етіп отыр.
Соңғы жаңалықтар