«Жәнібек чемпиондық белбеуінен айырылуы мүмкін»: спортшының менеджері күтпеген мәлімдеме жасады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан допинг дауына қатысты алғаш рет жан-жақты түсініктеме беріп, жанкүйерлерге мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Айтуынша, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, ал чемпиондық белбеулерден айыру немесе шеттету мерзімі туралы айтуға ерте.
«Құрметті жанкүйерлер, сұрақ өте көп. Сондықтан бәріне нақты жауап бергім келеді. Жанкүйерлерді жағдайдың қалай шешілетіні, не болып жатқаны алаңдатып отыр. Ең алдымен, Жәнібектің және өз атымнан сіздерге алғыс айтқым келеді. Жат жұрт біздің қателігімізге қуанып, мансабымызға нүкте қойып жатқанда, өз жанкүйерлеріміз қолдау білдіріп, біздің кінәсіз екенімізге сеніп отыр», – деді Берік Сұлтан.
Оның айтуынша, команда әрдайым таза спортты қолдайды және допинг дауы күтпеген жерден туындаған.
«Бұл жағдай біз үшін де оңай болған жоқ. Қаншама тер, қаншама қан төгілді. Осыншама еңбек етіп, шыңға жақындаған сәтте осындай жағдайға тап болдық. Басында VADA бізден зәр мен қан сараптамаларын алды – бәрі таза шықты. Біз таза спортты қолдайтынымызды бұған дейін де айтқанбыз және ұстанымымыздан бас тартқан жоқпыз. Себебі Жәнібектің боксына Қазақстанда ғана емес, әлемде еліктейтін жастар бар. Сынаманың нәтижелерін әлеуметтік желіде де жарияладық. Біраз уақыт өткен соң қайта келіп, тек зәр сынамасын алды. Ұшардан бірнеше күн бұрын осы мәселе хабарланды. Өзіміз де аң-таң болдық», – дейді менеджер.
Берік Сұлтан екі сынаманың арасында тамақтану мен витаминдерге ешқандай өзгеріс енгізілмегенін айтты.
«Екі сынаманың арасында біз тамақты да, витаминдерді де өзгертпедік. Барлығы – спортшыларға рұқсат етілген, қажетті қоспалар. Тіпті сол витаминдерді тексеруге бердік, бәрі таза. Бұл қалай болғанына әлі күнге дейін жауап жоқ», – деді ол.
Соған қарамастан, менеджер команда Әлімханұлының кінәсіздігіне толық сенімді екенін жеткізді.
«Біз таза екенімізге сенеміз. Екінші сынама соны дәлелдейді деп үміттенеміз. Сол кезде мансабымызды жалғастырып, титулдарымызды сақтаймыз», – дейді Сұлтан.
Алайда жағымсыз сценарий де жоққа шығарылмайды.
«Егер сынама оң нәтиже көрсетсе, Жәнібектен WBO және IBF титулдарын алып, жарты жылға немесе бір жылға дисквалификация беруі мүмкін. Бірақ біз ондай жағдайда да біз берілмейміз. Жәнібек небәрі 33 жаста. Кроуфорд 38 жасында «Канелоны» жеңді. Біз әлі талай белесті бағындырамыз», – деді менеджер.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы Қазақстанда екен.
«Қазір елдеміз, өз-өзімізге келіп жатырмыз», – деп түйіндеді Берік Сұлтан.
Боксшының B сынамасы 8 қаңтар күні ашылады. Қазіргі уақытта нақты шешім қабылданған жоқ. Спортшының мансабы дәл осы В сынамасының нәтижесіне тікелей байланысты болмақ.
АҚШ-та 6 желтоқсан күні қазақстандық боксшы үш чемпиондық титулды біріктіру үшін Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек еді.
Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда VADA ұйымы допинг сынамасынан мельдоний анықталғанын хабарлап, қос боксшы арасындағы айқас өтпей қалды. Бұл жағдай тек қазақстандық жанкүйерлердің ғана емес, күллі әлемдегі бокс сүйер қауымның назарын аударды.
Соңғы жаңалықтар