Жапония тарихында тұңғыш рет қала әкімі декреттік демалысқа шықты

21.07.2026 16:50 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жапония тарихында тұңғыш рет қала әкімі декреттік демалысқа шықты
83
Фото: Noriko Hayashi (The New York Times)

Жапония тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді: қызметтегі қала басшысы жүктілігі мен босануына байланысты демалысқа кетті. Reuters таратқан мәліметке сүйенсек, 69 мыңдай халқы бар Явата қаласының әкімі Секо Кавата бұл қадамға барған елдегі тұңғыш басшы атанды, деп хабарлайды Politico.kz.

Кавата 2023 жылы 33 жасында сайланып, Жапониядағы ең жас әйел әкім ретінде танылған еді. Жергілікті мемлекеттік қызметкерлер үшін 16 апталық аналық демалыс қарастырылғанымен, қала басшысының декретке шығуы заңнамада бұрын ескерілмеген. Соған байланысты шенеунікке арнайы ішкі ереже бекітілді.

«Бұған дейін бірде-бір әкімнің мұндай демалысқа шықпағаны мені таңғалдырды. Бұл дерек саясат пен билікте әйелдердің өте аз екенін айқын көрсетеді», — деді Секо Кавата.

Демалысқа кетер алдында ол дәстүрлі «Тайко» фестиваліне қатысты. Дәстүр бойынша әкім синтоизм ғибадатханасы орнатылған арнайы платформада жүруі тиіс еді. Алайда денсаулық жағдайына байланысты ол шеруде жаяу жүріп өтті. Тұрғындардың басым бөлігі басшының бұл шешімін қолдағанымен, әлеуметтік желіде наразылық білдіргендер де табылды. Кейбір қолданушылар оны «міндетін толық атқармайды» деп айыптап, демалыс кезінде жалақысының толық сақталатынына қарсы шықты.

Өз кезегінде Секо Кавата лауазымына қарамастан әрбір адамның бала сүюге құқығы бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, қоғамда мұндай өзгерістер болмаса, Жапониядағы туу деңгейінің төмендеуі мен демографиялық дағдарысты еңсеру мүмкін емес. Әкімнің сәбиі қыркүйек айында дүниеге келеді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік индексінде Жапония 148 елдің ішінде 118-орында тұр. Ал саяси шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі бойынша 125-ші сатыға жайғасқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий