Жап-жаңа асфальт қайта сыдырылып жатыр – бұған нақты кім жауапты
Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуында былтыр ғана төселген жап-жаңа асфальт неліктен қайта қырылып жатқаны желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.
Қоғам қайраткері әрі блогер Руслан Кабиров өзінің парақшасында Өскемен – Алтай бағытындағы айналма жолда жүріп жатқан түсініксіз жөндеу жұмыстарының видеосын жариялады. Онда мердігерлердің көзге сап-сау көрінетін жаңа жабындыны не себепті қопарып жатқаны айтылған.
Бұл жағдайға қатысты жауапты мекемелер түсініктеме беріп, ұзындығы 16 шақырымды құрайтын учаскедегі асфальтты былтыр мүлдем басқа мердігер төсегенін алға тартты.
«Ұлттық сапа орталығының сараптама қорытындысы бойынша құрылыс қоспасының құрамы нормативтік талаптарға сай келмейтіні анықталды, сол себепті тапсырыс беруші сапасыз жұмысты қабылдамай, жабындыны пайдалануға рұқсат бермеді», – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалындағылар.
Биыл бұл аумақта жол төсеумен жаңа компания айналысып жатыр. Дегенмен былтырғы жарамсыз асфальтқа кеткен қыруар қаражат пен уақыт үшін нақты кімнің жауапқа тартылатыны әзірге беймәлім күйінде қалып отыр.
Соңғы жаңалықтар