“Жақ сүйегі мен мұрны сынды”: Сарбазды аяусыз ұрғандар ісі сотқа жетті

27.06.2026 09:27 Қарақат АСЫЛОВА
“Жақ сүйегі мен мұрны сынды”: Сарбазды аяусыз ұрғандар ісі сотқа жетті
299
Фото: Turar Kazangapov
Әскердегі жаға ұстатарлық оқиға

Отардағы әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбазды аяусыз соққыға жығу ісі бойынша айыпталушы Капар Есполға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Ғабит Өмірбековтің мәліметінше, қазіргі уақытта іс Алматы гарнизонының Әскери сотында қаралып жатыр. Бұл кезеңде сот алдында екі айыпталушы жауап беруде. Сонымен қатар, қылмыстық істің өзге эпизодтары бойынша тергеу әлі де жалғасып жатыр.

Адвокаттың айтуынша, бұл – бірнеше эпизодтан тұратын ауқымды қылмыстық іс. Жәбірленуші тараптың құқықтары сот процесінің барлық кезеңінде қорғалатын болады.

Еске салайық, биыл ақпан айында Отардағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші ауыр соққыға ұшырап, оның жақ сүйегі мен мұрны сынғаны белгілі болған еді. Аталған дерек бойынша әскери полиция қылмыстық іс қозғаған.

Жарақат алған сарбаздың отбасы оның өміріне қауіптенетінін айтып, ауруханадан шыққаннан кейін әскери бөлімге қайта оралуына үзілді-кесілді қарсы болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий