Жарты жылда 12 млрд теңге: Шетелден келетін ақшаны кімдер алып жүр?
Қазақстанда небәрі жарты жылдың ішінде түрлі ұйымдар шетелден 12 миллиард теңгеден астам қаражат алған. Бұл қыруар қаржы кімдерге және қандай мақсатта беріліп жатыр? Мәжіліс депутаттары осы мәселені көтеріп, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға арнайы сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Биыл наурыз айында Мемлекеттік кірістер комитеті шетелден қаржыландырылатын тұлғалар мен ұйымдардың тізімін ашық жариялаған болатын. Қазақстан халық партиясының (ҚХП) депутаттары бұл қадамды құптағанымен, елге кіріп жатқан ақшаның ауқымы оларды қатты алаңдатып отыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, тек 2025 жылдың екінші жартыжылдығының өзінде сырттан 12 млрд теңгеге жуық транш түскен. Бұл қаражаттың басым бөлігі өзін құқық қорғаушы, тәуелсіз медиа немесе сарапшы ретінде көрсететін ұйымдарға бағытталған.
Депутат, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың пікірінше, бұл ұйымдардың кейбірі "құқық қорғау" ұранын жамылып, шын мәнінде мемлекеттік институттарға деген халықтың сенімін бұзумен айналысып жүр. Бұл үрдіс елдің ішкі саясатына сырттан араласу және ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру деп бағалануда.
Қазіргі қолданыстағы тізімде тек ақшаның көлемі мен оны алған ұйымның аты ғана көрсетіледі. Алайда, бұл қаржының арғы жағында нақты қандай жобалар жатқаны, мердігерлер мен ақырғы пайда алушылардың кім екені қоғам үшін жұмбақ күйінде қалып отыр.
Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, АҚШ пен бірқатар Еуропа елдерінде мұндай шетелдік қорлардың (мәселен, Сорос немесе NED қорлары) жұмысы қатаң бақылауға алынған, тіпті кей мемлекеттерде оларға толықтай тыйым салынған.
Осыған байланысты, мәжілісмендер Аида Балаевадан шетелдік қаржыландыруды есепке алу ережелерін шұғыл түрде қатайтуды сұрады. Олар үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) тыйым салуды көздеп отырған жоқ. Басты мақсат – миллиардтаған қаржының қандай медиа-науқандарға немесе қоғамдық акцияларға жұмсалып жатқанын халыққа 100% ашық көрсету.
Гибридті соғыс жағдайында қаржылық ашықтық – бұл ел суверенитетін сақтап қалудың басты шарты дейді халық қалаулылары.
Соңғы жаңалықтар