Желіде бұрынғы әкімнің ұлы делінген жігіттің алаяқтығын мойындаған видеосы тарады
Әлеуметтік желілерде Талдықорған қаласының бұрынғы әкімі Дастан Шалтабаевтың ұлы Тұрлыхан Тұрарбекке ұқсайтын азаматтың алаяқтық жасағанын мойындап тұрған сәті түсірілген бейнежазба тарап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz
Бейнежазбада кадр сыртындағы дауыс иесі жігіттен ақшаның қарызға емес, нақты уәде етілген қызмет үшін алынғанын нақтылайды. Сұрақтарға жауап қатқан жігіт алаяқтық жасағанын жоққа шығармады. Сондай-ақ ол салық саласындағы мәселелерді шешіп беруге уәде етіп, 5 миллион теңге көлемінде қаржы алғанын айтты.
View on Threads
Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, Тұрлыхан Тұрарбек Алматы қаласында бірнеше мәрте алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған. Алайда үш бірдей қылмыстық эпизодтың бар екеніне қарамастан, оның үйқамаққа жіберілгені айтылуда. Әзірге құзырлы органдар тарапынан аталған бейнежазбаға қатысты мәлімдеме жасалған жоқ.
Айта кетейік, Тұрлыхан Тұрарбектің есімі бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен еді. 2019 жылдың наурыз айында Алматы полициясы арнайы дабыл белгілері мен стробоскоптар орнатылған, терезелері қараңғыланған Toyota Camry 70 көлігін тоқтатқан болатын. Тінту жұмыстары кезінде салоннан травматикалық тапанша, оқ-дәрілер, бөтен мемлекеттік нөмірлер және айналымға жарамайтын 100 долларлық купюралар табылған.
Сол оқиға кезінде көлікті тізгіндеген Тұрлыханның курстасы Арлан Шәріпов болып шықты. Ал темір тұлпардың заңды иесі Тұрлыханның өзі ҚазҰУ-да сабақта отырғаны анықталды. Нәтижесінде жүргізушіге бірнеше әкімшілік хаттама толтырылып, қару табылған жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған еді.
Дастан Шалтабаев Тұрарбекұлы - 2018 жылдың мамыры мен 2019 жылдың сәуірі аралығында Талдықорған қаласын басқарған. Отбасылы, екі баланың әкесі соңғы рет 2022-2023 жылдары Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымын атқарған болатын. Кезінде жүргізілген қызметтік тексеріс шенеунік тарапынан ешқандай заң бұзушылық таппаған.
Соңғы жаңалықтар