"Жеңгеме Алла жар болсын": Шавкат Рахмоновтың қарындасы жол апатына қатысты көңіл айтты

Жамбыл облысындағы қайғылы жол апатына байланысты UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың қарындасы, қолма-қол ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы Сора Рахмонова пікір білдірді. Апат кезінде спортшының жары мен ұлы жарақат алып, екі адам оқиға орнында көз жұмған болатын.
Сора Instagram желісіндегі парақшасында жақындарының жағдайына алаңдап, хабарласып жатқан жұртқа алғысын білдіріп, былай деп жазды:
«Ағамның отбасындағы жағдайға алаңдап, хабарласып жатқандарға Алла разы болсын!
Мұндай ауыр жағдай ешкімнің басына келмесін. Ертең не боларын бір Алла біледі...
Жеңгеме Алла жар болсын!
Екі бірдей жақынынан айырылып, өзі де жарақат алды.
Қайтыс болған жандардың иманы жолдас болсын, жандары жәннатта болғай.».
Еске салайық, апат 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы - Екатеринбург тас жолында, Шу қаласына таяу жерде болған. Қарағанды облысынан Алматыға бағыт алған Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Екі адам сол жерде көз жұмып, қалғандары ауруханаға жеткізілген.
Сора Рахмонова өз жазбасында қаза тапқандардың туыстарына шын көңілден көңіл айтып, ағасының отбасына қолдау білдірді.
Соңғы жаңалықтар





