Жеңіс Ысқақова: Еркек нұқып қалса, сойып жібер әкесінің...
Отбасындағы зорлық-зомбылық пен ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас мәселесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі болып отыр. Әсіресе, тұрмыстық қысым мен әйел құқығын қорғау төңірегіндегі пікірталастар өзектілігін жоғалтқан емес. Өнер иесі Жеңіс Ысқақова отбасылық құндылықтар, әйелдің сабырлығы мен өзін-өзі қорғау шегі туралы өз пайымын білдірді. Әнші тұрмыстық қиындықтар мен отбасындағы зорлық-зомбылықты шатастырмау керектігін атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Жеңіс Ысқақова Oilau подкастында әңгімеледі.
«Шыдамдылық деген — жұмыстан шаршап келгенде балаңның еркелігін көтеру, күйеуіңмен бірге отырып шай ішіп, шайын құйып беру. Соның өзі — шыдау. Ал енді қазіргі қоғамда өзіне сенімсіз еркектердің әйелді төмендетіп, көңілінен шықпай жатса, нұқып жіберіп, балаларының көзінше оны төмендетуі — ол нағыз сорлы адамның тірлігі, сорлы еркектің тірлігі. Ал дәл ондай сорлылыққа әйел шыдамауы керек, ол жерде шыдамсыздық — бөлек дүние. Бұл жерде әйел өзін қорғауы керек», — деді Жеңіс Ысқақова.
Сондай-ақ өнер иесі отбасындағы заңсыз әрекеттерге төзуге болмайтынын, мұндай сәтте әйел тек өзін емес, ұрпақ қауіпсіздігін де ойлауы тиіс екенін алға тартты. Оның пікірінше, кез келген келіспеушілікті балалардың көзінше ушықтырмай, мәдениетті түрде шешуге ұмтылу қажет.
«Бұл жерде әйел өзімен бірге өзінің отбасын, өзінің балаларын қорғап тұр. Әйел кішкене: «Жүр, айналайын, былай шығып кетейік. Сен ақылдысың, сен күштісің, жүр, кеттік. Балалардың көзінше бет жыртыспайық біз. Далаға шығайық. Не айтасың маған?» — осындай десе... Нұқып қалса, салып жібер, сойып жібер әкесінің аузын ұрайын! Ол кім сонда саған қол көтеретін?!» — деді әнші.
Сөз соңында әнші кез келген түсініспеушілікті агрессиямен немесе күшпен емес, ақылмен әрі диалог арқылы шешудің маңыздылығын баса айтты. Тіпті ерлі-зайыптылар арасында қателік кеткен күннің өзінде өзара сыйластықты сақтау негізгі қағида болуы тиіс.
«Егер де сен бір тәртіпсіздік жасап, сондай бір тіпті бір қателесіп жатқан жағдайдың өзінде де еркек: «Е, айналайын, келіншегім-ау, сен мына жерде сөйттің ғой...» деуі керек. Иә, кейбір келіншектер бар, жаңағыдай: «Сен тұр, мен айтайын», — сөзді түсінбейтін, тек айғаймен жеңемін дейтін. Айғайлаған адам — жеңілген адам. Айғайлаған, қол көтеріп, төбелесті бастаған адам — ол жеңілген адам. Бәрін ақылмен, әңгімемен... Ей, қазақтың аналары бір сөзбен соғысты тоқтатқан, екі елдің соғысын тоқтатқан! Ей, бір какой-то еркекті тоқтата алмайсың ба?! Айтса, айтпаса, салып жібер әкесінің аузын...» — деді Жеңіс Ысқақова.
Соңғы жаңалықтар