Жеңіс Ысқақова отбасы туралы: Бір-бірімізді сойып салғымыз келетін кездер болады

24.08.2026 16:19 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жеңіс Ысқақова отбасы туралы: Бір-бірімізді сойып салғымыз келетін кездер болады
293
Фото: instagram.com/zhenisiskakova/

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақова отбасылық өмірі, жұбайымен қарым-қатынасы және шаңырақтағы сыйластық пен құндылықтар туралы айтып берді. Өнер иесі сұхбат барысында шаңырақ шайқалмауының басты кепілі мен ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықтың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Oilau подкастында әңгімеледі.

Әншінің айтуынша, жұбайының әулеті өнерден алыс емес, бұл отбасында шығармашылық адамдарына деген құрмет жоғары. Сонымен бірге ерлі-зайыптылар тек тұрмыстық мәселелермен шектелмей, әртүрлі саладағы жаңалықтарды жиі талқылайды.

«Спорт пен өнер — егіз ұғым. Спорт та — өнердің бір түрі. Екіншіден, менің жолдасымның отбасында әпкелері де ән айтады. Тіпті қайын бикем Ақалтын Бекболатова — опера әншісі. Сондықтан бұл отбасы үшін өнер мен өнерлі адам таңсық емес. Сонымен қатар өнерді бағалай да, қабылдай да білетін отбасы. Мен жолдасыммен әңгімелескенде өте қызық болады. Кейде шай ішіп отырып, асығыс жұмысымыз болса да, әңгімеміз басталып кетсе, жан-жақты талқылап кетеміз. Өнер болсын, спорт, медицина немесе әлемде болып жатқан жағдайлар мен оқиғалар болсын, бәрін талқылағанда әңгімеміз созылып кетеді. «Сондай уақыт тығыз кезде әңгіменің тәтті болып қалатынын-ай» деп, шай дастарқанынан әрең тұратын кездеріміз болады. Отбасы болған соң тек балалардың тәрбиесі мен мәселелерін ғана айтумен шектелмеуіміз керек. Көзі ашық, білімді адам болғаннан кейін жан-жақты әңгіме айтамыз, салыстырамыз. Саяхаттағанды да жақсы көреміз. Кейде әр елдің дәстүрі мен мәдениетін, сол елде басымыздан өткен қызықты жағдайларды немесе өткен өмірдегі қызықтарды айтамыз, сонымен әңгімеміз өте қызықты өтеді. Жолдасым негізі көп сөйлемейді, бірақ сөйлесе, өте жақсы әрі қызықты айтады», — деді қоғам қайраткері.

Кез келген шаңырақта келіспеушіліктердің болуы заңдылық. Өнер иесі эмоционалды сәттерде сабыр сақтаудың, ашу тарқаған соң кешірім сұрай білудің және шаңырақта отағасының орнын айқындаудың маңызын атап өтті.

«Ерлі-зайыпты болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. «Біз кереметпіз, таңертеңнен кешке дейін махаббатымыз жарасып тұрады» дегеннің бәрі — өтірік. Біздің де келіспей қалған кездеріміз болады. Адамның ашуы келгенде, бір-бірімізді сойып салғымыз келіп тұратын кездер болады. Бірақ көп жағдайда эмоционалдық реакция мен тараптан шығады. Бұрын жолдасым маған қатты ашуланғанда, бетіме де қарап тұрып, бұрылып кете беретін. Ол маған бірдеңе айтудың пайдасыз екенін біледі, сондықтан «Аш бәледен қаш бәле» деп кететін. Кейін өз ашуым қайтып, есімді жиған соң барып кешірім сұраймын. «Артық кететіндей сен де мені оталдырмай, "сенікі дұрыс" деп кетсең болады ғой, сен менің алдымда оталдырып кеттің» деймін. Ол болса: «Мен онсыз да үндемей жүрмін ғой» дейді. «Сенің үндемегенің құртады» деймін мен. Отбасы болған соң бәрі болады. Бұрыннан келе жатқан сөз бар ғой: ер мен әйелдің арасындағы ұрыс-керістен кейін махаббат бұрынғыдан да күшейе түседі. Мен жолдасымның алдында әрдайым кішірейіп тұрамын. Сырттағылар мені сырттай батыр, қайсар деп ойлауы мүмкін, бірақ үйде мен — қарапайым әйелмін. Мен әрдайым жолдасымнан рұқсат сұраймын. Тіпті отбасымызға қатысты үлкен мәселелердің бәрінде соңғы сөзді жолдасым айтады. Мен де өзімнің ойымды айтамын, ол да өз пікірін білдіреді, кейін ортақ мәмілеге келеміз», — деді Жеңіс Ысқақова.

Жеңіс Ысқақованың пікірінше, отбасын сақтап қалудың негізгі діңгегі — өзара сыйластық, сабырлық пен дәстүрлі құндылықтарды ұстану. Сонымен бірге ол жұбайы тарапынан өзінің шығармашылық жолына әрдайым түсіністік пен қолдау бар екенін айтты.

«Негізінде, біз әрдайым төмен тұрамыз. Бұл әйелді кемсіту емес. Қазір жастар «осы сіздердің қазақы менталитеттеріңіз-ай» деуі мүмкін. Түптеп келгенде, біз дәстүрімізбен, сыйластығымызбен, шыдамдылығымызбен отбасылық құндылықтарды сақтап отырмыз. Егер ол шалқайғанда мен де шалқайсам, не болмақ? Балалар қайда қалады? Ол үйленетін кезде-ақ менің өнерде жүргенімді, кім екенімді білді ғой. Тағы да айтамын, ол — өнерлі отбасыдан шыған азамат. Өнерлі ортада туғандықтан, өнерге көзқарасы дұрыс. Ешқашан менің жолымды кесіп, бетімнен қаққан емес», — деді жұлдыз.

Войдите, чтобы оставить комментарий