Жерді заңсыз тартып алмақ болған Қарағанды әкімдігі сотта тізе бүкті
Қарағанды қаласының әкімдігі жергілікті кәсіпкермен арадағы сотта жеңіліс тапты. Әкімдік кәсіпкердің көп жылдан бері жалға алып отырған жерін босатып, ондағы құрылыстарды сүруді талап еткен. Алайда, кәсіпкер де қарап қалмай, қарсы талап арыз беріп, сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды POLITICO саяси-әлеуметтік порталы.
Қарағандыда кәсіпкер мен қала әкімдігі арасындағы дауға нүкте қоятын кезекті сот отырысы өтті. Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты әкімнің талап-арызын қанағаттандырмай, жерді жалға алған азаматтың қарсы талабын қолдады.
Істе көрсетілгендей, әкімдік кәсіпкерден Бейбітшілік бульвары 5 мекенжайындағы, «Диетстоловая» аялдамасы жанында орналасқан жер учаскесін босатуды және сол аумақтағы құрылыстарды бұзуды талап еткен. Ал кәсіпкер көптеген жылдар бойы жалға алып келген жерді қорғап, жалдау шартын біржақты бұзуды заңсыз деп тануды сұрап қарсы талап берген.
Сот материалдарына қарағанда, 2001 жылы тараптар арасында 49 жыл мерзімге уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану туралы келісім жасалған. Алайда бұл шартты әкімдік ешқандай ескерту жібермей, өз бетінше бұзғаны анықталды.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 35-бабы 4-тармағында атқарушы органдардың уақытша жер пайдалану шартын біржақты бұзуға тыйым салынатыны көрсетілген. Тек заңда көрсетілген ерекше жағдайлар ғана бұған негіз бола алады. Оның үстіне Азаматтық кодекстің 556-бабы бойынша, жерді мақсатқа сай пайдаланбау жөніндегі жазбаша ескерту алдымен жалға алушыға жіберілуге тиіс. Бұл талап та орындалмаған.
Сот осы процедуралық талаптардың сақталмауы шартты бұзуды заңсыз ететінін атап өтті. Сол себепті қала әкімінің жер учаскесін босату туралы талабы толықтай кері қайтарылды. Ал жалға алушының қарсы талабы қанағаттандырылды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар