Жетісу облысында сел жүріп, жолды су басты
Жетісу облысының Панфилов ауданында нөсер жаңбыр салдарынан «Сарыөзек – Көктал» автожолының бірқатар учаскесі зақымданды, деп хабарлайды Politico.kz.
ҚазАвтоЖолдың мәліметінше, қазір жолдағы жағдай тұрақты, көлік қозғалысы шектелмеген.
24–25 тамыз күндері өңірде мол жауын-шашын жауған. Таулы жер бедеріне байланысты беткейлерден аққан су күшейіп, республикалық маңызы бар KZ19-01 «Сарыөзек – Көктал» автомобиль жолының жекелеген учаскелеріне лай-тас ағындары түскен.
Жауын-шашын салдарынан кей жерлерде жолдың жүру бөлігі лай мен тасқа толып, жол жиегі мен жер төсемі шайылған. Сонымен қатар қоршау элементтері зақымданып, шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстарының маңына лай-тас шөгінділері жиналған.
Қазіргі уақытта тау беткейлерінен келетін су тоқтаған. Жолдың жүру бөлігінде су тасқыны жоқ, су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталған.
Оқиғаның салдарын жою жұмыстарына 11 жол маманы және 7 арнайы техника жұмылдырылды. Мамандар жолды лай мен тастан тазалап, су бұру арықтары мен су өткізу құрылыстарын қалпына келтіріп жатыр.
Сондай-ақ шайылған жол төсемі мен жол жиектері нығайтылып, зақымданған қоршау элементтері жөнделуде.
Жол қызметтері зақымданған учаскелерді толық тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарына қажетті материалдар көлемін анықтауда. Жолдың жағдайы мамандардың тұрақты бақылауында.
ҚазАвтоЖолдың мәліметінше, қазіргі таңда «Сарыөзек – Көктал» автожолында көлік қозғалысы қалыпты режимде қамтамасыз етілген.
Соңғы жаңалықтар