Жетісуда сарбазды басынан орындықпен ұрған: іс қайта тергелуде

12.03.2026 11:10 Арман Ермеков
Жетісуда сарбазды басынан орындықпен ұрған: іс қайта тергелуде
300
Фото: istockphoto.com

Жетісу облысында сарбазды ұрған взвод командиріне қатысты қылмыстық іс қайта тергеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Orda.kz-тің жазуынша, оқиға 19 қаңтар күні кешке Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында орналасқан №18386 әскери бөлімінің казармасында болған. 25 жастағы аға лейтенант Олжас Асхатұлы бекетке күртесінің түймесін салмай жүгіріп келген 20 жастағы қатардағы жауынгер Рамазан Тергеубаевты "тәртіп бұзғаны" үшін басынан орындықпен ұрған.

Сот-медициналық сараптама сарбаздың маңдай тұсында қатты доғал заттың тиюінен пайда болған жарақатты растады. Осыдан кейін офицердің үстінен билігін немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда 9 ақпан күні жәбірленуші тараптың татуласу туралы арызына байланысты тергеу тоқтатылған еді.

Кейіннен сарбаздың анасы оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын басқа ата-аналардан естіп білгеннен соң істі қайта қарауды талап еткен. Оның айтуынша, оқиғадан кейін үйіне әскери бөлім командирінің орынбасары мен рота командирі келіп, баласының үстелге құлап кеткенін айтып сендірген. Олар тіпті Астанадағы басшылыққа ешқандай шағымы жоқ екені туралы видео түсіріп беруді сұраған.

«Мен оларға сендім, алдымда офицерлер отырған соң өтірік айтпайтын шығар деп ойладым, бірақ олар менің бейхабарлығымды пайдаланып істі жылы жауып қоймақ болды», - деді сарбаздың анасы.

Анасының шағымынан кейін Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасы қылмыстық істі қайта жандандырып, жақын арада сотқа жолдайтынын растады. Сонымен қатар әйел адам әлі күнге дейін сол бөлімде қызмет етіп жүрген ұлының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған.

Қорғаныс министрлігі бұл оқиғадан кейін қызметтік тексеріс жүргізіп, бірқатар лауазымды тұлғаларды, сарбаздарды қадағалауды босаңсытқаны үшін әскери бөлім командирін, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын және рота командирін тәртіптік жауапкершілікке тартты.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий