Жігер Ауыпбаев: Қазақ қызы басқа ұлт өкілімен отырса, кәдімгідей қызғанамын

22.07.2026 15:23 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жігер Ауыпбаев: Қазақ қызы басқа ұлт өкілімен отырса, кәдімгідей қызғанамын
83
Фото: instagram.com/p/DaDj_dwiov8/?img_index=1

Отандық әнші Жігер Ауыпбаев шетелдегі түнгі клубтардың бірінде қазақ қыздарымен болған оқиға туралы айтып берді. Өнер иесі шетелдік азаматтармен көңіл жарастырып жүрген қазақ қыздарына бей-жай қарай алмайтынын және оларды қызғанатынын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.

«Бәлкім, мінезім солай шығар. Бір жерде қазақтың қызы басқа ұлт өкілімен отырса, мен оны кәдімгідей қызғанамын. Мұны ұлт арасына іріткі салу үшін айтып отырған жоқпын. Бірде шетелде жүргенде «Клубқа кіріп көрейікші» деп бардық. Қазақтың үш-төрт қызы келіп, жанымыздағы VIP орынға отырды. Біраз уақыттан соң балалар келіп, танып, фотоға түсіп, арғы жаққа барып отырды. Бір уақытта ортада басқа ұлт өкілдерінің еркектері билеп жатыр екен. Өзі сондай шоу екен: үстінде ештеңе жоқ, тек шалбармен денесін көрсетіп жүр. Содан жаңағы жігіттер бері қарай түсіп келе жатты. Біздің қазақтың үш қызы, бәрі бірдей ондай емес, әрине, бірақ сәл кішкене ішіп алған екен, барып жаңағы жігіттің денесінен сүйіп жатыр. Мен мына жақта қарап отырмын. Ал жанымда отырған жігіттер қарқылдап күліп отыр. Содан менің қаным басыма шапшып кетті», — деп бөлісті Жігер Ауыпбаев.

Ары қарай әнші осы жайтқа қатысты өзінің қалай әрекет еткенін баяндады. Сонымен қатар ол жанында отырған жігіттердің қолдау көрсетудің орнына керісінше өзін басуға тырысып, қарсы шыққанын айтты.

«Барып, аналарға: «Қарындасым, не істеп жатырсың?» — дедім. Ана жігіттерді шақырып алып: «Мына жерде не болып жатыр? Не істеп жатыр бұл жерде? Сәл қарап, айтпайсың ба? Аузыңда сөзің түсіп қалды ма? Бұл да қазақ, бұл да сенің қарындасың, сенің әпкең болуы мүмкін ғой», — десем, «Жаңа ғана таныстық» дейді. «Жаңа танысқаның не сөз? Бір айғыр бір үйір жылқысын бермейді» дедім. «Сыртта жүргенде басқа ұлттың еркегінің жанында тұрған қазақ қызын көрсең, ішіңде қызғаныш пайда болып, сәл былай тартып алып кетсең болады ғой», — деп ұрысып, кетіп қалдым. Сосын кейін балалар: «Сен неге осы жерде бүйтіп ашулана бересің?» — дейді. Қарасам, өзімде де сондай мінез бар екен, отырған орнымда барып, айтып тастаймын. Содан кейін осындай кездерде арты шоуға айналып кетеді. Бәлкім, менікі де дұрыс емес шығар. Ол өзінің таңдауы, өзінің жеке сүйген адамы шығар... Бәрі емес, бірақ кейбір қазақ қыздары бұл жағын да ойлануы керек шығар деп ойлаймын», — деді әнші.

Войдите, чтобы оставить комментарий