«Жұдырықтай жүрекке салмақ түсті»: Нұрғали Нүсіпжанов күрделі отадан соң жан сырын ақтарды

13.06.2026 11:03 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Жұдырықтай жүрекке салмақ түсті»: Нұрғали Нүсіпжанов күрделі отадан соң жан сырын ақтарды
394
Фото: ашық дереккөз

Қазақ ән өнерінің аңызы, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов жүрегіне жасалған күрделі отадан кейін желіде жан тебірентерлік жазба жариялады. Бұл туралы Politico.kz хабарлайды.

«ОТАДАН КЕЙІНГІ ОЙ-ТОЛҒАМ…Бұл өмір-сынақ…
Біреулер сол сынақты жылап көтерсе,екіншілер шыдап көтереді…
Тағдыр жолым тақтайдай тегіс емес екенін жалпақ жұртқа жария етпесем де көп жайтты елдің іші сезеді…
Көкірегіне күйік толған-кейде жанған,кейде тоңған адаммын…», – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.

Халық әртісі өзінің өмірлік ұстанымы мен қиындықтарды қалай еңсеріп келе жатқанына тоқталды. Ол ауыр сынақ сәттерінде тек сабырға ғана арқа сүйегенін жеткізді.

«Шыдамдылығымды шыңдайын дегендей Жаратқан Ием ширатқалы шиыршық атып өмір сүріп келем…
Уақыттың жазбайтын жарасы жоқ, бірақ көңілде өткен күннен қалған сыз жоқ емес,ол ізсіз кетпейді екен…
Жұдырықтай жүрекке салмақ түсіріп алғандардың алды да,арты да мен емес шығармын…
Атақ-абыройға бас ұрған адам емеспін,сезімнен күшті сабыр мен айғайдан мықты үнсіздікті серік еткен құдайдың құлымын…», – деп түсіндірді әнші.

Бұдан кейін эстрада ардагері қолдау білдірген халқына және өзіне екінші өмір сыйлаған дәрігерлерге ерекше ілтипатын білдірді. Ақ халатты абзал жандардың есімін атап, олардың қиын отадағы еңбегін жоғары бағалады.

«Жалғыздың жары Құдай,-деген сөз рас екен…
Сыналған сәтте сыйынғаным бір Алла болды…
Сенгенім,сүйенгенім қалың елім-қазағым…
Қашанда ағайын-жұртым сіздерге арқа сүйедім…
Жаратқанның жарылқағаны болар,өзім қастерлеген қазағым әрқашан қадірімді арттырып, қасиетімді көтеріп келеді…
Қалың көптің бата,тілегіне қарыздармын…
Отаның оңайы жоқ,жүрегіме операция жасап,киелі сахнаңызға барып сағыныш мауқыңызды басыңыз Аға,-деп маған екінші өмір сыйлаған Ермағанбет Қуатбаев, Артур Абдимомынов, Азамат Наурушев сынды медицинаның сайыпқырандарына адал жүрегіммен ақ басымды иіп тұрып,алғыс-рахметімді айтамын…
Алматымен бірге жасап келе жатқан Кардио Орталық жаңғыра берсін,жандана берсін, Ермағанбет Жарығым…», – деп мәлімдеді өнер иесі.

Нұрғали Нүсіпжанов кім?

Нұрғали Нүсіпжанұлы Нүсіпжанов — қазақстандық әнші, педагог, Қазақстанның халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1937 жылы қазіргі Жетісу облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Кәсіби музыкалық білімін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында алып, вокал мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолында Абай атындағы опера және балет театрында, Қазақ радиосы мен телевизиясының солисі ретінде, сондай-ақ Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінде қызмет атқарды. Оның орындаушылық шығармашылығы Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сияқты қазақ композиторларының туындыларын алғашқы насихаттаумен тығыз байланысты. Репертуарында «Өз елім», «Сарыарқа», «Куә бол» сияқты лирикалық және патриоттық бағыттағы әндер орын алған. Музыка өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекет тарапынан «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий