Жүк пойызы төрт адамды жапырып кеткен оқиға бойынша сот үкімі шықты
Шу ауданында 4 теміржолшыны жүк пойызы басып кеткен оқиғаға қатысты 3 қызметкерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бас көлік прокуратурасының мәлімдеуінше, соттың 2026 жылғы 9 шілдедегі шешімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Сарышаған жол дистанциясының 2 қызметкерінің бас бостандығы 3 жыл 6 айға шектелді. Сонымен қатар сотталған азаматтардың үшеуіне де теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметімен айналысуға түбегейлі тыйым салынды.
Адам өліміне әкелген апат 2025 жылғы 10 желтоқсанда Шешенқара мен Қаражыңғыл бекеттерінің аралығында болған еді. Сол күні теміржолды жөндеумен айналысып жатқан жұмысшылар бригадасын жүк пойызы қағып кетіп, салдарынан 4 қызметкер оқиға орнында көз жұмып, тағы 2 адам түрлі жарақат алған.
Іс материалдарына сәйкес, жөндеу жұмыстары кезінде теміржол аралығы жабылмаған және қажетті қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Соның кесірінен жол бойында адамдардың жүргені туралы пойыз машинисіне уақытылы ескерту берілмегені белгілі болды.
Бұл іс бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар