Жұмыссыз қалғандарға мемлекеттен 95 млрд теңге төленді

Жұмыссыз қалғандарға мемлекеттен 95 млрд теңге төленді
15.10.2025 10:56
0
96
фото: home.kz

Жыл басынан бері жұмысынан айырылған 285 мыңнан астам қазақстандыққа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 95 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады POLITICO.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, биылдың өзінде 240,5 мың адамға бұл жәрдемақы алғаш рет тағайындалған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан шығу себебіне қарамастан, әрбір азамат жаңа жұмыс іздеу кезеңінде мемлекеттен қолдау ала алады. Төлем мерзімі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өтіліне байланысты бір айдан алты айға дейін созылады. Ал оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа табыстың 45 пайызына дейін жетеді.

Ең бастысы, қазіргі таңда бұл әлеуметтік төлемді тағайындау процесі әлдеқайда жеңілдетілген. Енді жұмыссыз қалған азаматқа ұзын-сонар құжат жинап, мекеме жағалаудың қажеті жоқ.

Ол үшін алдымен eGov.kz порталы немесе enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы «жұмыс іздеуші» ретінде онлайн тіркелу қажет. Егер мансап орталығы үш жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс ұсына алмаса, азаматқа қашықтан «жұмыссыз» мәртебесі беріледі.

Осыдан кейін министрліктің ақпараттық жүйесі азаматтың ұялы телефонына жәрдемақы тағайындауға келісім сұрап, SMS-хабарлама жібереді. Жұмыссыз қалған адамға тек сол хабарламаға «иә» деп жауап беру жеткілікті. Төлем ешқандай артық әрекетсіз, автоматты түрде тағайындалады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий