«Жүрегінде қазаққа деген өкпе бар». Тарихшы Мұхтар Жәкішев қызының шетелдікке шығуы туралы

04.07.2026 09:56 Қарақат АСЫЛОВА
«Жүрегінде қазаққа деген өкпе бар». Тарихшы Мұхтар Жәкішев қызының шетелдікке шығуы туралы
227
Фото: altjj_/Instagram

Белгілі тарихшы Жұмамұрат Шәмші «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында танымал бизнесмен Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынайдың тағдырына қатысты өзекті мәселені қозғады,деп хабарлайды Politico.kz.

Сарапшы Алтынайдың неліктен жат елдік азаматпен тұрмыс құрғанын талдап, бұл қадамның артында жатқан психологиялық және әлеуметтік себептерді тереңнен ашып көрсетуге тырысты.

«Алтынай 1999 жылы дүниеге келген. Оның шетелге кету себебін айтайын: ол он жасқа толғанда, яғни балалық шағында әкесін Назарбаевтың жүйесі негізсіз соттап жібереді. Ол кісі түрмеде 11 жыл отырды. Әкесі сотталғаннан кейін анасы ажырасуға мәжбүр болады. Ол кезде отбасында төрт қыз, бір ұл бар екен. Анасы барлық дүние-мүлкін шұғыл сатып, бала-шағасымен Лондонға көшіп кетеді. Ойлап қараңызшы, әлі оң-солын танып үлгермеген он жасар Алтынай Лондонға барып, бірден ағылшынтілді ортаға түседі. Содан кейін оның өмірге деген көзқарасы мен дүниетанымы мүлдем өзгереді. Өйткені Лондон — алып мегаполис, онда ағылшын тілінде тәрбиеленген бала үшін ұлттық айырмашылықтар маңызды болмай қалады. Ол нағыз космополит болып өсті. Сондықтан бүгінде 27 жасқа толған Алтынай үшін жар таңдауда оның нәсілі немесе ұлты ешқандай рөл атқармайды. Оған ұлттық құндылықтар туралы айтудың өзі — бос әурешілік. Бұл үшін оны кінәлап, қаралаудың да қажеті жоқ. Егер ол Қазақстанда өссе, жағдай басқаша болар еді. Бірақ ол жат елде бойжетті, бұл — мәселенің бір жағы», — деп түсіндірді Жұмамұрат Шәмші.

Тарихшының пайымдауынша, бұл таңдау — жай ғана жеке өмірдің мәселесі емес, уақытында отбасы басынан өткерген үлкен саяси әділетсіздік пен соның салдарынан туындаған ішкі өкпе-реніштің тікелей көрінісі.

«Екінші жағынан алып қарасақ, бұл жүйе оның әкесін еш себепсіз 11 жылға соттап жіберді. Ол бейшара ешкімді өлтірген де, тонаған да жоқ. Осындай әділетсіздіктен кейін ол балалардың жүрегінде Қазақстанға, қазіргі жүйе мен мемлекетке, тіпті жалпы қазақ қоғамына деген өкпе-реніш қалыптасты. «Әкемді жазықсыз соттады» деген ызадан кейін олардың елімізге деген өкпесі қара қазандай болды. Сондықтан ол қыз «бұл елде жүргенше, жат жерде өз өмірімді мүлдем басқа арнада құрайын» деген шешімге келді деп түсінемін. Бүгінде көптеген адамның жағдайы мен ойы осыған ұқсас», — деп түсіндірді Жұмамұрат Шәмші.

Войдите, чтобы оставить комментарий