"Жүрегіне пышақ сұққан": БҚО-да әйел бірге тұратын ер адамды өлтірді

25.08.2026 16:45 Мөлдір ҚАЙНАР
120
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық жанжал кезінде бірге тұратын ер адамды пышақтап өлтірген Теректі ауданы Төңкеріс ауылының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Іс материалдарына сәйкес, қайғылы жағдай биыл 3 қаңтарда сағат 18:00 шамасында болған. Әйел ас үйде тамақ дайындап жатқанда, үйге оның бірге тұратын ер адамы мас күйінде келген.

Арада жанжал туындап, ер адам әйелді мойнынан ұстап қылқындыра бастаған. Кейін оны жіберіп, қонақ бөлмедегі диванға жатып алып, балағаттауын жалғастырған. Сол сәтте әйел ас үйдегі пышақты алып келіп, диванда жатқан ер адамның кеуде тұсына — жүрегіне сұғып алған. Ер адам алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, кісі өлтірмегенін алға тартты. Алайда алқабилер алқасы мен сот оның кінәсі бейнежазбалармен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді деген шешімге келді.

Сот үкімімен әйел қасақана адам өлтіру бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий