Журналистикадан Ақордаға дейін жеткен Құлшыманов жаңа қызметке келді
Президент әкімшілігінде коммуникация саласына жауапты болған Қанат Құлшыманов жаңа қызметке ауысты. Ол Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы 20 қазанда Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Қанат Амангелдіұлы Құлшыманов Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.
Қанат Құлшыманов 2025 жылдың наурыз айынан бері Президент әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімін басқарған.
Қанат Құлшыманов кім?
Қанат Құлшыманов 1987 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысында дүниеге келген. Үйленген, екі баласы бар.
2008 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, ал 2010 жылы магистр дәрежесін алған. Философия докторы (PhD).
Еңбек жолын 2007 жылы «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясында саяси және құқықтық ақпарат секторының тілшісі болып бастаған.
Кейін журналистикадан мемлекеттік қызметке ауысқан.
- 2012–2016 жылдары – «Қазконтент» АҚ ақпарат агенттігінің журналисі;
- 2016–2017 жылдары – Ұлттық экономика министрлігінің Қоғаммен байланыс департаменті БАҚ мониторингі және талдау басқармасы басшысының міндетін атқарушы;
- 2017–2019 жылдары – Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі;
- 2019–2020 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы, Қоғаммен байланыс департаментінің директоры;
- 2020–2021 жылдары – Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары;
- 2021–2022 жылдары – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісі;
- 2022–2024 жылдары – Қазақстан премьер-министрінің баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі;
- 2024–2025 жылдары – Президент әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
2025 жылғы 11 наурызда Мемлекет басшысының өкімімен Президент әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған.
Қанат Құлшыманов «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Соңғы жаңалықтар