Зира Наурызбай: Ет-сүт диетасының арқасында қазақтар мен моңғолдардың ми салмағы өте ауыр

20.07.2026 15:28 Томирис САҒЫНДЫҚ
Зира Наурызбай: Ет-сүт диетасының арқасында қазақтар мен моңғолдардың ми салмағы өте ауыр
110
Фото: видеодан скриншот

Мәдениеттанушы Зира Наурызбай қазақ пен моңғол халықтарының өзіндік антропологиялық ерекшелігі мен ми құрылысының өзгешелігіне назар аударды. Оның пайымдауынша, көшпелілерге тән дәстүрлі ет-сүт диетасы зияткерлік әлеуеттің артуына әрі интеллектуалдық дамудың жоғары деңгейде қалыптасуына айрықша ықпал еткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Зира Наурызбай Zhuldyzlight бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

«Біріншіден, бұл — шынымен де генетика. Ерекше ет-сүт диетасының арқасында қазақтар мен моңғолдардың ми салмағы өте ауыр екенін білеміз. Негізі антропологтар, оның ішінде физикалық антропологтар приматтар мен маймылдардың интеллектуалдық дамуы олардың майлы ет жей бастауымен тікелей байланысты екенін айтады. Тек өсімдік тектес тағамдармен алысқа ұзай алмайсың. Ет өнімдері адамға тек физикалық күш-қуат пен бой өсімін беріп қана қоймайды, сонымен бірге интеллектіні де дамытады. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің миымыздың салмағы өте үлкен», — деді Зира Наурызбай.

Ары қарай ол көшпелі өмір салтының адамның ішкі әлеуетін ширатып, зейінін ашатын пайдалы тұстарына кеңінен тоқталды. Мәдениеттанушының айтуынша, ұдайы қозғалыста болу, жағрафиялық кеңістікті бағдарлау және сан түрлі ортамен үздіксіз әлеуметтік байланыс орнату қабілеті көшпенділердің ой-өрісін кеңейтіп, табиғи дипломатиялық қасиеттерін шыңдаған.

«Сонымен қатар, қазіргі таңда саяси тұрғыдан онша дұрыс айтылмайтын «ауылдық идиотизм» деген түсінік бар. Бұл не мағынаны білдіреді? Мәселен, отырықшы, егіншілікпен айналысатын халықтардың көбінде адам туған ауылында өседі де, өмір бойы сол ауылынан 10 шақырымнан ары ұзап шықпайды. Ол ауылда 50 немесе 100 адам тұрса, ол өмірінде бұдан басқа адамдарды мүлдем көрмей өтуі мүмкін. Ал қазақтар болса, жыл сайын кем дегенде 2000 шақырым жол жүріп, көшіп-қонып отырған. Олар жол бойында үнемі басқа адамдармен кездесіп, түрлі ауылдарға аялдаған және өзара тығыз араласқан. Әрбір қазақ ер азаматының өз жұрты (әкесінің руы), нағашы жұрты және қайын жұрты болады. Ол осы үш жұртының бәрімен де тығыз қарым-қатынаста болуға міндетті», — деді мәдениеттанушы.

Бұдан өзге, ол қазақтардың мыңдаған шақырымдық көш жолдарын, жаңа танысқан адамдар мен жер-су атауларын жазбай танитын ерекше есте сақтау қабілетіне тоқталды. Мәдениеттанушы бұл құбылысты бағзыдан қалыптасқан гендік қордың, яғни ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан табиғи зияткерлік жадының орасан зор байлығы ретінде бағалады.

«Жалпы, әлеуметтену қазақ қоғамы үшін ең маңызды критерийлердің бірі саналған. Адамның көп алдына шығып сөз сөйлей білуі, салмақты да ақылды ой айта алуы — ер азаматтар үшін жазылмаған заң, базалық минимум болды. Басқа жаққа сапар шегу, дипломатиялық қасиет таныту — осының бәрі интеллектіні дамытады, адамға көптеген жаңа әсер сыйлайды. Осылайша адам жаңа жер көріп, жаңа ортамен тіл табысады. Ең бастысы, қазақтар осы жүрген жерінің бәрін жадында сақтап қалған. Өкінішке қарай, менің бойымда бұл қасиет жоқ, мен топографиялық кретинизмге (жер бағдарлай алмау дертіне) шалдыққанмын. Ал кейбір адамдар бір рет өткен жерін арада 10 жыл өтсе де ұмытпайды: «Иә, біз осы жермен өткенбіз, енді мына бағытпен жүруіміз керек» деп дәл тауып жатады. Бұл — біздің үлкен генетикалық қорымыз бен байлығымыз. Демек, қазақтардың әлеуеті өте зор. Бірақ бізде бір кемшілік бар: біз жаңа нәрсені өте қатты жақсы көреміз. Жаңа дүниені сатып алып, оны жарқыратып қойғанды ұнатамыз да, өз құндылықтарымызды бағаламай, тез ұмытып кетеміз», — деді Зира Наурызбай.

Сондай-ақ, Зира Наурызбай әйел адамдарға қарағанда ер адамдардың миы алғыр болатынын, бір қабілетті тез сіңіретінін айтты.

«Психологтардың айтуынша, біздің басты байлығымыз — мұнай емес, бізге генетикалық жолмен берілген миымыз. Біз бүкіл әлемді үздік топ-менеджерлермен қамтамасыз ете алатын қауқарға иеміз. Ол үшін бізге тек сапалы білім беру жүйесі қажет. Ал қазіргі таңда біздің білім беру жүйеміз, керісінше, теріс нәтиже көрсетіп отыр. Тек санаулы элиталық мектептер ғана алға озып тұр, ал қалғандарының деңгейі төмен, соны түсінуіміз керек. Тағы бір үлкен қауіп — балалардың ерте жастан гаджеттерге тәуелді болуы. Бұл баланың зияткерлік тұрғыдан дамуына өте зиян. Қысқасы, зияткерлік әлеует — біздің басты ерекшелігіміз және біз бұл бағытта үлкен жетістіктерге жете аламыз. Ер азаматтардың бұл ортада аз екенін айтып өттіңіз ғой, осы тұрғыда мына бір жайт өте маңызды. Белгілі тектанушы Әлия Сағымбаева былай дейді: «Семинарларымызға ер азаматтар келгенде балаша қуанамын, өйткені олардың саны өте аз. Егер ер адам мұндай семинарға өз еркімен келсе, бұл — үлкен көрсеткіш. Ол айтылған дүниені бірден ұғынып, өз отбасының, өз әулетінің тағдырын жақсы жаққа өзгертеді. Оның әулетті өзгертетініне кәміл сенімдімін». Ол кісі өзінің 25 жылдық кеңес беру тәжірибесіне сүйеніп, мынадай тұжырым жасайды: «Әйел адамның сана астындағы қандай да бір ескі қағиданы өзгертуі үшін өте ұзақ уақыт қажет. Онымен ұзақ жұмыс істеп, жаңа қағидаларды жазып, ескі бейнеден арылуы тиіс. Ал ер азаматтар көбіне сені бір рет тыңдайды да, бірден қабылдайды. Әйел де бәрін бірден түсінуі мүмкін, бірақ оған оны бекіту үшін ұзақ процесс қажет. Ер адам болса, естіді, ұқты және солай қабылдады». Иә, көбінесе олар сана астымен ұзақ әрі таусылмайтын жұмыс жасап жатпай-ақ, іштей бірден өзгеріп, басқа толқынға ауыса салады. Бұл қасиет жасөспірімдердің бойынан да байқалады», — деді мәдениеттанушы.

Войдите, чтобы оставить комментарий