«Легионер болған соң…»: боксшы қыз Рыбакина мен Путинцеваға сенбейді

0
119

Қазақстандық боксшы Балауса Мұздыман өзінің Instagram-дағы парақшасында теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваны сынға алды, деп хабарлады politico.kz.

Боксшыға «денсаулығына байланысты» Олимпиада ойындарынан бас тартқан теннисшілердің қазір АҚШ-та өтетін турнирге кеткені ұнамаған. Ал Путинцева бұл жолғы бірінші кездесуде-ақ жеңіске жетіп үлгерді.

Легионер болған соң білгенін жасап жатыр. Қазақстанда туып-өссе, қай ұлт болсын, кіндік қаны тамған, туған еліне бүйрегі бұрып тұрады ғой. Біздің құрамада да басқа ұлттың қыздары бар, жүректері қазақ деп соғып тұрған. Елдің намысын қорғап, туымызды биікке көтеріп жүрген. Өйткені олар Қазақстанда туған, олардың Отаны – Қазақстан! Ауырып өлейін деп тұрса да рингке шығып, соңына дейін күреседі. Өйткені елінің өздеріне сеніп отырғанын сезінеді. Ал легионерлерде ондай сезім жоқ. Олар – тек біздің елдің атынан шығуға мүмкіндік алғандар. Сол арқылы ақша тауып жатқан спортшылар, – деп жазды боксшы.

Ал Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, спортшылардың қалпына келу үдерісі қаншалықты сәтті өткенін корттағы ойын ғана көрсетеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина денсаулығының сыр бергеніне байланысты Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқан еді. Одан кейін Қазақстан теннис федерациясы екінші теннисші Юлия Путинцеваның да Олимпиада жарысынан шығып қалғанын мәлімдеді.

Фото: Балауса Мұздыманның stories-інен



ПІКІР ЖАЗУ