Нұрәлі Әліп журналистің қазақша сұрақ қойғанына ашуланған Черчесовті қолдады
Қазақстан командасы мен ресейлік «Зенит» клубының футболшысы Нұралы Әліп қазақ тіліндегі сұраққа ашуланған ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовті қолдап сөйледі, деп хабарлайды politico.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл оқиға жөніндегі сұрақ «Зенит» командасының YouTube парақшасында жарияланды.
Черчесов ол жерде осетин тілінде де жауап бере алам деген. Мен оны түсіндім. Өйткені Қазақстандағы журналистердің бәрі орыс тілін біледі. Ал ол (журналист) қазақ тілінде сұрақ қояды. Ол хайп ұстағысы келді, – деген Нұрәлі Әліп.
Футболшының бұл сөзін белгілі спорт журналисті Аслан Қаженов әлеуметтік желіде сынға алды.
Нұреке, сізге не болды? Басыңызға қатты доп тиген бе? Қазақстандағы баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қою расымен хайп па? Енді не істейміз? Өзің де «Зенитке» ауысқан алғашқы күндері орысша сұраққа қазақша ғана жауап беріп едің ғой. Сол кезде саған «хайп жасады» демедік. Керісінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырды деп қуандық. Ал енді өз елімізде өз тілімізде сұрақ қойғанымызды төмен көріп отырсың. Бұны қалай түсінсек болады? Әлде, тек қасыңдағы ана екеуіне жағу үшін солай сөйледің бе? «Өз ұлыңды бөтен үйден тойдырма» дейтін нақыл сөз бар еді. Тойынғаның ба? Қазір жеп отырған наныңды, қазіргі тауып отырған табысыңды мемлекеттік тілден, оның арғы жағында ұлт мүддесінен жоғары қойғаның ба? Елдің алдында жауабыңды кеңірек түсіндіруіңді талап етемін», – деп жазды әріптесіміз.
Еске сала кетсек, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Астанада өзіне бірнеше рет қазақ тілінде сұрақ қойған журналистен сауалды орысша қоюды талап еткен. Журналист Нұрсұлтан Құрман әуелі бас бапкерге қазақ тілінде қойған сұрағын Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов орыс тіліне аударып берген. Кезекті рет қазақша сауалға Станислав Черчесов ашуланып шыға келген.
Сұрақты неге орысша қоймайсыз? Мен қазір сізге өз ана тілім – осетин тілінде жауап берсем, не болады? Бірақ ол кезде ешкім түсінбейді. Осының алдында қазақша сауалыңызды федерация президенті аударып берді, енді ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой. Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейін ондай жүрмейді, – деген еді сонда ресейлік бапкер.
Фото: bookmaker-ratings.kz