188 адам жаппай уланып, 15 бала ауруханаға түсті: Қандыағаштағы мейрамхана басшыларының тағдыры шешілді

12.09.2026 16:23 Қарақат АСЫЛОВА
188 адам жаппай уланып, 15 бала ауруханаға түсті: Қандыағаштағы мейрамхана басшыларының тағдыры шешілді
233
Ашық дереккөз

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында 188 адамның жаппай улануына байланысты қозғалған қылмыстық іс амнистияға байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 18-20 маусым аралығында болған. Жұрт мейрамханаға той және садақаға барғаннан кейін ішек инфекциясына тән белгілермен медициналық көмекке жүгіне бастаған. Зардап шеккендер құсу, іш өту, қалтырау және дене қызуының көтерілуіне шағымданған.

Барлығы 188 адам ауруханаға жүгінген. Олардың арасында 14 жасқа толмаған 15 бала болған. Балалар мен жүкті әйелдер Ақтөбедегі облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізілген.

Тексеру барысында мамандар мейрамханадағы азық-түлік өнімдерінен ішек инфекциясының қоздырғыштарын, сондай-ақ патогенді және шартты-патогенді флораны анықтаған.

Бұдан бөлек, нысанда санитариялық талаптардың елеулі түрде бұзылғаны белгілі болған. Атап айтқанда, азық-түлікті дайындау және сақтау тәртібі сақталмаған. Кейбір қызметкерлер жеке гигиена талаптарын орындамаған әрі қажетті медициналық тексеруден өтпей жұмыс істеген.

Осы факті бойынша мейрамхананың иесі мен басшысына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы — санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция мәліметінше, екеуі де өз кінәсін мойындаған.

Алайда қылмыстық іс сотқа жетпей, амнистия актісін қолдануға байланысты тоқтатылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий