Олжас Бектенов Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысын тексерді

0
74

 

 Премьер-Министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында Алатау қаласындағы 900 орындық жаңа мектеп құрылысының жұмыс қарқынымен танысты.

Жыл соңына дейін 3000 м2 алаңда орналасқан жаңа білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде нысанның іргетасы мен монолитті қаңқасын орнату жұмыстары аяқталған. Мектеп қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, құрылыс және білім беру саласындағы соны технологиялармен жабдықталады.  

Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы жүргізудің маңыздылығын баса айтты.

Елімізде 2024-2025 жылдар аралығында Ұлттық жоба бойынша барлығы 369 мектеп ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Алматы облысында 2024-2025 жылдары 53 жайлы мектеп салынады. Биыл 600-ден 1500 орынға дейінгі сыйымдылығы әр түрлі 26 жайлы мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Ұлттық жобаның шарттарына сәйкес, барлық жайлы мектептер оқушылар мен педагогтер үшін жоғары қауіпсіздік шараларын, тиісті инфрақұрылымды және қолайлы жағдайды қамтамасыз ете отырып, бірыңғай стандартқа сай салынатын болады.

Премьер-Министр жаңа жобалар әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді жеделдетуді және салынып жатқан ғимараттарды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Бұл – Президенттің мегажобасы. Оның сапалы әрі уақытында іске асырылуын қатаң бақылауға алу қажет. Жайлы мектептердің құрылысы балаларымыздың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауға бағытталған. Үкімет алдында 2025 жылдың соңына қарай 740 мың жаңа оқушы орнымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Құрылыс жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 


ПІКІР ЖАЗУ