"Ағзам сау, бірақ тірі өлікпін". Дана Нұржігіт ең ауыр күндерін еске алды

18.09.2026 21:17 Томирис САҒЫНДЫҚ
139
Фото: instagram.com/dana_nurzhigit/

Журналист әрі тележүргізуші Дана Нұржігіт жаңа кітабының жазылу барысы, психологиялық соққыдан кейінгі оңалту кезеңі мен жеке басынан өткерген ауыр жағдайлары туралы айтып берді. Ол өз сөзінде бастан өткерген күйзелісі мен бұл тығырықтан шығуға баласының қамы себеп болғанын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Дана Нұржігіт бұл туралы "Жанды сөз" бағдарламасында айтты.

Тележурналистің сөзінше, бастан кешкен психологиялық қысым салдарынан денсаулығы нашарлап, ауыр күйзеліске түскен.

«Бұл – мен үшін реабилитациялық құндылығы өте зор, үлкен кітап. Мен өмірімде депрессия деген нәрсені білмеген адаммын. Сөйтіп жүргенде көңілім, ештеңеге зауқым болмай қалды. Зіл батпан болып төсекте жатамын, тұра алмаймын. Дәрігерге барамын, бүкіл ағзам сау, бірақ мен тірі өлікпін. Шығыс медицинасы орталығына барған кезде маған: «Тамырыңыздың соғуы өте әлсіз» деді. Бәлендей ауруым жоқ, бірақ жүре алмаймын. Я тәбетім жоқ, я тұруға күшім жоқ. Сөйтіп жүріп, шынын айтқанда, мені аман алып қалған – «баламды асырауым керек» деген аналық міндетім ғана болды. Балаға қарап отырғаннан кейін мен жата алмаймын, мені ешкім асырамайды. Маған нан тауып беретін, қасымдағы сенімді деген адамның жасап отырғаны анау. Сондықтан да мен өзіме ғана сенгендіктен, мені төсектен тұрғызған, осындай әрекетке итермелеген – тек баламның қамы, шынын айтқанда», – деді Дана Нұржігіт.

Сонымен бірге тележүргізуші кітапты жазу барысындағы ішкі кедергілер мен жақын адамы тарапынан жасалған сатқындықтың салдарына тоқталды.

«Содан бұл кітапты ұзақ жазған себебім – оқиғаны қайтадан басымнан өткергендей күйге түскендіктен болды. Бір бастаймын, бір тоқтап қаламын, ортасына келемін де «бұның бәрі не үшін керек?» деп өзімді тежеген сәттер болды. Содан кейін: «Жоқ, мен бұны өзім ғана жаза алмаймын, редактор алмасам болмайды. Өйткені маған қасыма бір қолдаушы адам керек болып тұр» дедім. Бұған дейін кітап жазбағанмын, шынын айтқанда. Бірақ жазбасқа болмайтын мәселе болды. Бұндайды білу керек. Мен айтқан кезде маған ешкім сенген жоқ. «Өй, қояды ғой, ештеңе етпейді, кімнің басында болмай жатыр?» деген сияқты қабылдады. Жүрдім, бардым, «кетеді ғой» дегенге салғаным болды. Бірақ ондай жағдайды бастан өткермеген адам дәл осылай жауап береді, реакция осындай болады. Ал шындап келгенде, шырмауықтай, кенедей жабысқан дүниеден арылу өте қиын екен, өте қиын. Сенің өмірің саған тәуелді емес болып қалады. Айдың-күннің аманында сен жалтақтап жүресің. Елестетіңізші, айдың-күннің аманында өз көлеңкеңнен өзің қорқып жүресің. Өйткені, біз, әйелдер – нәзік жандымыз ғой. Біз қанша жерден қайсармыз, мықтымыз десек те, өзіміз шын сенген азаматымыз қасымызға келді деген кезде үстіміздегі өмірде киіп жүрген сауытымызды шешеміз. Сауытымызды шешіп, өзімізді қауіпсіз сезінген жерде арқаңнан пышақ ұрғанда, сен аһ ұрасың. Сен қайтадан ана сауытты киіп үлгермегеніңе қатты өкінесің, бармағыңды шайнап қаласың», – деді Дана Нұржігіт.

Сөзін түйіндей келе, ол қоғамда адам өмірі мен жеке шекарасына құрметпен қараудың маңыздылығын ескертті.

«Сондықтан да қауіп күтпеген жерде, тасадан келіп соққы берген кезде қайсарлығың, ақылың, қауқарың қайда қалғанын білмей қаласың. Сондықтан да біз жанымызды, тәнімізді «азаматым» деп біреуге тапсырған кезде абай болуымыз керек. Бұл кітап – бір-біріміздің өмірімізге аялай, құрметпен қарайықшы дегенді ұғындыратын туынды. Өйткені менің өмірім де, ол азаматтың өмірі де, сенің өмірің де, мына бізді тыңдап отырған әр адамның өмірі де – Жаратқаннан бір-ақ рет берілетін өмір. Мен сияқты, сен сияқты адам қайталанып дүниеге келмейді. Мені де ата-анам «бақытты болсыншы» деп жаратқан, дұрыс па? Біз сондай құрметпен бір-біріміздің өмірімізге қарауымыз керек», – деді Дана Нұржігіт.

Войдите, чтобы оставить комментарий