Салтанат Байқошқарова: Ауылдағы баласы көп әженің ішкиімін киген кезім болды
Репродуктолог, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова отбасылық қарым-қатынастағы дипломатияның маңызы мен бала сүю жолында кездесетін психологиялық және әлеуметтік кедергілер туралы пікір білдірді. Дәрігер өз тәжірибесіне сүйене отырып, отбасын сақтап қалудағы өзара түсіністік пен жақындардың қолдауының рөліне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Салтанат Байқошқарова бұл туралы Stan.kz ақпараттық порталына берген сұқбатында айтты.
Маманның айтуынша, некедегі ұсақ келіспеушіліктерді ушықтырмай, екіжақты бейімделу мен сабырлық таныту — отбасы беріктігінің басты кепілі. Сонымен бірге ол перзент сүйе алмаған алғашқы жылдары қоғам мен жақындары тарапынан болатын жанама қысымның психологиялық салмағына тоқталды.
«Ажыраса сал» деу оңай. Сен сөйлессең, ол да сөйлеседі. Білгеніңді істеп, тек айтқаныңды ғана орындату мүмкін емес. Екі адам бір үйде отырса, мысалы, сіз: «Мен шай жақсы көремін» дейсіз, ал мен: «Кофе жақсы көремін» деймін. «Қойшы шай-кофені, мен киноға бармақшы едім», «Жоқ, мен мында барғым келеді» деген сияқты реніштер жоқ жерден басталады. Солай жоқтан бар жасап, мәселе тудырып алады. Ол дұрыс емес. Бәрібір бірге тұру үшін бір-бірімізге мүмкіндік беріп, бейімделіп, дипломатия таныту керек. Отбасы деген — бәрібір дипломатия. Енем өте байсалды, сабырлы кісі болды. Маған ешқашан: «Бала тумайсың» деп жаман сөз айтқан емес. Керісінше, ол кісі: «Бала тумайтын әйел болмайды, туасың. Тіпті болмай жатса, келесі қайным үйленгенде, соның алғашқы баласын бауырыңа салып беремін» дейтін. Ол кісілер ауылда, біз қалада тұрдық. Кездескен кезде: «Бірдеңе бар ма?» деп майысып, сүйкімді сөйлейтін, ешқашан жаман сөз айтпайтын. Соның өзіне мен жылап қалатынмын, өйткені: «Сұрады» деп іштей қиналып, тығылып жүресің ғой. Тек күйеуіңе ғана айтып, соның қасында жылайсың. Әке-шешеме де айтпайтынмын. Сұраса: «Болады ғой» деп сөзден қашуға тырысқаныммен, іштей кейисің. Той-томалаққа барып, өзіңмен қатар үйленген жастардың 7 жылда үш балалы болып үлгергенін көргенде, әрине, налисың, іштей жылайсың. Ондай кезеңдер болды», — деді Салтанат Байқошқарова.
Салтанат Байқошқарова қиын кезеңде жолдасының көрсеткен моральдық қолдауы медицина мен репродуктология саласын терең зерттеуге, бұл бағытты кәсіби тұрғыда таңдауға жол ашқанын атап өтті.
«Бірақ ол жерде маған үлкен қолдау күйеуімнен келді. Жолдасым: «Біздің де көшеде мереке болады, уайымдама. Дінмұхаммед Қонаев атамыз — қазақтың пайғамбардай болған кісісі. Сол кісінің өзінде де бала болған жоқ. Мен ол кісінің жанында кіммін?» дейтін. Жолдасым осындай қолдау көрсетті. Соның арқасында медицинаның осы саласына келдім. Осы мәселені зерттеп, елге көмектесу үшін 19 жасымнан бастап жан-жақты ізденіп, түбінде осы мамандықты дамытуға арнадым», — деді дәрігер.
Сондай-ақ сарапшы халық арасында жиі кездесетін ырым-жоралғылар мен дәстүрлі наным-сенімдерге тоқталып, өзінің жеке басынан өткен мысалды бөлісті.
«Ауылда жүргенде мындай оқиға болды. Әкемнің кіші қарындасы — апам бар еді. Ауылға солардың үйіне барғанбыз. Бір күні маған жібектен тігілген сары түсті, 60-размерлі дәу іш киімді көрсетті. Ол кезде әйелдердің іш киімі жоғарыға дейін келетін, қыста іші матамен астарланған көкшіл, сары түстілері болатын, ал жазда жібектен тігілетін. Апам маған сол жібек іш киімді көрсетіп: «Бұл — осы ауылдағы ең көп бала туған апаның іш киімі. Соны кисең, ырым болып, балалы боласың» деді. Мен ол кезде жіп-жіңішке едім, бойым ұзын болғанымен, күйеуге шыққанда 50 кг едім. «Апа, мұны қалай киемін?» десем, жиіркенбесін деп: «Ойбай, жуып қойғанмын, тап-таза, айнадай!» дейді. Содан резеңкесін тартып тұрып, белдемше сияқты киіп алдым. Бір-екі күн киген шығармын, бірақ одан да балалы болған жоқпын. Дегенмен бұл да — қазақтың «көтеріп кетсін» деген жанашырлық ниеті мен ырымы ғой. Тіпті кейде сенімнің өзі де әсер етіп, көтеріп кетуі мүмкін», — деді Байқошқарова.
Соңғы жаңалықтар