«Өте ауыр тиді»: Қайрат Түнтеков өнерде жолын бөгегендер туралы айтты

0
1021

Әнші Қайрат Түнтеков «Qazaq Airan» Youtube-жобасына берген сұхбатында өнерде жолын кескендер туралы айтты, деп хабарлайды politico.kz.

Алайда әнші жолын жапқан адамдардың кім екенін білмейтінін мойындады.

«Өнерде жолымды бөгеген, эфирге шығуыма кедергі болған билік тұтқасын ұстаған адамдар болды, бірақ аты-жөндерін өзім де білмеймін. Ашық қысым болмады, қысым теледидар арқылы жүрді. Бұл ақпараттық қысым ғой, маған сол өте ауыр тиді, былай артымнан ешкім қуып, айтқанымен жүргізбеді. «Сен үйтпе, бүйтпе» деп ешкім айтқан емес. Мүмкін араға біреуді қосқан да болар, бірақ мен ол туралы білмеймін.

Мысалы, жол апатына түскен кезімде бүкіл телеарнадан сұмдық бір оқиға болған сияқты көрсетті ғой. Ондай сұмдық жайт болды деп айта алмаймын, аллаға шүкір, ешкім зақым алған жоқ, бақилық болған жоқ. Бірақ соның өзін үлкен мәселе етіп көрсетті. Арасында қаншама депутат ағамыз сөйледі, мүмкін біреулерге осы керек болған шығар», — деді Қайрат Түнтеков.

Сондай-ақ ол 2012 жылы болған оқиғаны бүкпесіз баяндап берді.

“Осыдан 12 жыл бұрынғы оқиға. Қазір күліп айтамын. Бірақ сол кезде өте қиын болған. Сот жәбірленушіге 40 миллион теңгенің айналасында өтеуімді міндеттеді. Бұл сол уақытта өте көп ақша еді. Халық шулап кетті, ал журналистер одан қатты көтерілді. Әңгіме арасында сөз болып жатқан “хайпты” сол кезде жасадым-ау. Қарыздан құтылу үшін 4-5 жылдай жүрдім. Бүгінде толық өтедім деп айта аламын. Ол жылдар да оңай болған жоқ. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз”, – деді әнші.

Оның айтуынша, жол апатына қатысты жаңалықтан гөрі ақылға қонымсыз өсек көп болған көрінеді.

“40 күн қамауда отырдым. Ол сөздің өзі жаман естіледі. Сол кезде маған қатты ауыр тиген еді, ал қазір көріп отырмыз ғой, өнер адамдарының арасында да түрлі жағдай болып жатыр. Оларға қарайсың да, «ауыр тие ме, тимей ме?» деп ойлап қаласың. Еркекпіз, әр еркектің басынан неше түрлі жағдай өтеді. Дегенмен қазіргі жастарға айтарым, абайлап жүріңіздер, сақ болыңыздар! Одан кейін танымал болғасын түрлі өсек, жалған ақпарат артыңнан қалмайды. Сол кезде мені мас болған деп жерден алып, жерге салды. Бірақ мүмкін мен ішпеген шығармын? Көрдіңіздер ме, өсек деген – өте ауыр дүние. Мүмкін шынымен ішімдік ұрттаған шығармын, мүмкін сау болып, көктайғақта жолды көрмей қалған шығармын, бұл туралы менен басқа ешкім білмейді. Халық оны көзбен көргендей етіп таратады», – деді Қайрат Түнтеков.


ПІКІР ЖАЗУ