Париж-2024: Қанат Ислам ел боксшыларының басты кемшілігін айтты
Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам өзінің Instagram-дағы парақшасында Париж Олимпиадасындағы қазақстандық боксшылардың сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Politico.kz.
Францияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарын қарап отырып, өзіміздің боксшылардың жеңілгенін көрген көптеген адам маған жазды. Олар «Өз ойыңды айтсаң, біздің бокс не боп жатыр, неге жігіттеріміз жеңіліп жатыр?» деп сұрап жатыр. Мен бұл команданы басқарып отырған жаттықтырушылардың бәрін сыйлаймын, білікті маман деп есептеймін. Бірақ кәсіпқой боксшы және маман ретінде айтарым, әуесқой боксшылардың қазір істеп жатқан жаттығулары заман талабына сай емес. Өйткені мен 12 жыл Америкада жүргеннен кейін бұрын бұл жаттығуларды дұрыс десем, қазір қате деп санаймын. Себебі біздің жігіттердің жаттығуы 80-90 пайыз жағдайда мынадай: оларды бір таудың қуысына әкеліп тығады, сол жерден шығармайды. Бүкіл облыстың жаттықтырушылары келіп, бас бапкердің қас-қабағына қарап, соның ығына жығылады да жігіттердің көбі бұрынғы жүрісінен жаңылады, – деді Қанат Ислам.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда әуесқой боксшылар істеуі керек жаттығуды да, қажеті жоқ жаттығуды да қатар алып жүруден әбден титықтайды. Ал қазір кім қатты шаршағанша жұмыс істесе, сол чемпион болады дейтін ұстаным жоқ.
Қазір дұрыс жаттығу істеп, дұрыс тамақтансаң жеңімпаз боласың. Америкада, Мексикада тұрдым. Ол жақта жігіттер машина секілді шаршамайды. Өйткені ол жерде тамақ, дұрыс жаттығу және спортшының көңіл-күйіне мән беріледі. Әрбір адамда қорқыныш болады. Мен жекпе-жекке шығарда психикалық тұрғыдан дайындайтын мамандарға 3000-10 000 доллар аралығында төледім. Сондай мамандар бізде жетіспейді. Көрші елдерді білесіздер, көбірек Америкаға барып, сол елге жақындағаннан боксшыларында өзіне деген сенім, серпін бар. Біздің боксшыларға ізденіңдер деп айтқым келеді. Жаттықтырушының қас-қабағына қарамай, ізденісте болыңдар, шетелге шығыңдар. Мүмкіндік болса, шетелден жаттықтырушылар әкеліп, солармен неге жұмыс істемеске? – деді спорт жанашыры.
Осы орайда ол өзін қазақ спортына шақыратын болса, жігіттерге көмектесуге дайын екенін де жасырмады.
Еске сала кетсек, Париж Олимпиадасына бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 7 боксшымен барған еді. Оның ішінде тек Нұрбек Оралбай финалға жолдама алды. Ол енді украиналық боксшы Александр Хижнякпен алтын жүлдені сарапқа салады. Ал әйелдер арасында жарысты тек Назым Қызайбай жалғастырады. Ол жартылай финалда Қытай өкілі Ву Юмен жұдырықтасқалы отыр.
Фото: akorda.kz