«Қосымша 10 және 16 қабатты екі подъезд салып жатыр»: Астанада тұрғындар наразылық білдірді

0
2551

Астанадағы өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үй. Баспаналы болу ғана емес, салынатын үйдің тұрған орны елордалықтардың жиі наразылығына ұшырайды. Соның салдарынан бірқатар тұрғын үй кешені сүрілген кездер де болған. Журналист Михаил Козачков Telegram арнасында «Ален» тұрғын үй кешенінің тұрғындары көтерген проблема туралы айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистің айтуынша тұрғындараталмыш тұрғын үй кешенінен 5-6 жыл бұрын үй алған. Бүгінге дейін бәрі ойдағыдай болғанмен, соңғы уақыттары дәл осы кешенге 10 және 16 қабатты екі подъезд салу – жұртшылықтың наразылығына себеп болды.

Астаналықтар бұл іс құрылыс тығыздығының коэффициентін бұзады, үй маңындағы аумақтың тапшылығына себеп болады, көлік тұрағының орындары, балалар арналған алаңдар мен ойын алаңдары тапшылығы туындайды деп шағымданды. Бұл құрылыс әкімдікпен келісілді ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

«Жеңіс Қасымбекке кеңес бергім келмейді. Бірақ Алматының Урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахметжанов дәл осындай себеппен қазір сотталып жатқанын атап өткім келеді.

Оған лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны туралы айып тағылған. Антикордың айтуынша, шенеунік рұқсат құжаттарына заңсыз қол қойған. Ал кейінірек оның туыстары дәл сол тұрғын үй кешендерінен не сыйлық ретінде немесе жеңілдікпен пәтер алған.

Тіпті медиамагнат Арманжан Байтасовпен байланысты компанияның да аты аталды. Сол себепті Астанада мұндай әрекет жасауға болатыны туралы тағы да ойланып көріңіз», – деді Михаил Козачков.

Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы елорданы қала тұрғындары үшін жайлы болуы керек екенін айта келе, қала әкімдігі саябақтардың аздығына көңіл бөлмей, құрылысты көп жүргізетінін айтып, әкімдікке ерекше ескерту жасаған.

«Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек. Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз.

Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын ала ойластыру керек.

Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – Елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту», – деген еді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының бұл ескертуіне бір жарым жылдың жүзі болды. Дегенмен, Жеңіс Қасымбек жетекшілік ететін қала әкімдігі бұл мәселеге жете көңіл бөлмей отырғандай әсер қалдырады.


ПІКІР ЖАЗУ