10 жыл ішінде барлық салада қазақша ойлайтын азаматтар шешім қабылдайды — Қуаныш Бейсек

22.09.2026 19:07 Томирис САҒЫНДЫҚ
10 жыл ішінде барлық салада қазақша ойлайтын азаматтар шешім қабылдайды — Қуаныш Бейсек
133
Фото: instagram.com/kukabeisek

Режиссер әрі продюсер Қуаныш Бейсек елдегі мемлекеттік тілдің рөлі, бизнестің қазақ тіліне деген сұранысы мен ұлттық бірлік мәселелеріне қатысты өз пікірін білдірді. Ол тілді білудің өмірлік қажеттілікке айналғанын айтып, таяу жылдардағы оң өзгерістерге болжам жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы режиссер «Дөп сөз» подкастында әңгімеледі.

«Бірлік өте қажет. Ұлттық бірлік — өте маңызды нәрсе. Қазақты біріктіретін бірінші фактор — тіл деп есептеймін. Қазіргі таңда мұны түсініп жатқан адамдардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бұрындары басқа ұлт өкілдері балаларын қазақ мектебіне тек қызығушылық үшін немесе өзгеше ойлағандықтан берсе, қазір бұл үлкен қажеттілікке айналды. Таяудағы 10-15 жылда экономикада, барлық салада қазақ тілді, қазақ менталитетіндегі, ұлттық мүддеге жұмыс істейтін азаматтар шешім қабылдайды. Сол себепті тілді білмей Қазақстанда өмір сүру жылдан-жылға қолайсыз әрі ынғайсыз болып бара жатыр», — деді Қуаныш Бейсек.

Продюсер тіл мәселесінің бизнес пен маркетинг саласына тигізіп жатқан ықпалына тоқталып, бұл үрдістің мемлекеттік нұсқаусыз-ақ нарық сұранысымен өздігінен реттеліп жатқанын атап өтті.

«Мекемелерде гендерлік сертификаттау деген түсінік бар. Үлкен компанияларға, халықаралық ұйымдарға осындай талаптар енгізіледі. Онда гендерлік мәселе, кез келген адамның басшы бола алуы, ер азамат пен әйел адамның еңбекақысының теңдігі сияқты параметрлер бойынша сертификат беріледі. Сол сияқты, қазақ тілі сертификациясы ресми түрде шықпаса да, шешім қабылдайтын тұлғалардың қазақ менталитетінде болуы, бренд қауіпсіздігі, тәуекелдерді басқару сияқты мәселелер алдыңғы орынға шықты. Биылдың өзінде мұндай жағдайлар аз болған жоқ. Бұл мәселелер мемлекеттің бастамасымен емес, бизнестің өзіндік сұранысымен келеді. Мысалы, біздің жобамыз шыққаннан кейін оның әсері қатты байқалды. Бұрын бізбен тек орыс тілінде сөйлесетін басшылар қазір қазақ тілді орынбасарлары арқылы қарым-қатынас орнатып жатыр. Түрлі жобалар мен жарнамалар шыққан бойда бизнес бірден әрекет етеді. Бизнес мемлекеттік орган емес, ол нарық сұранысына бірден жауап береді. Маркетингте де осылай. Кеше Ақтауда жергілікті мамандар Adidas брендіне арнап жоба жасады, ресми таргетингке шықты. Соның нәтижесінде бұл брендке деген тұтынушылардың көзқарасы өзгереді. Бізге түсініксіз әлемдік жарнамалық кампаниялар емес, жергілікті сұранысқа сай кампаниялар қажет. Аталған кампания ұзақ мерзімді кезеңде қаржылық көрсеткіштерге әсер етеді, ал оны басқа бәсекелестер де көріп, солай істей бастайды. Нарық бірден әрекет етеді. Нарықтың көрінбейтін қолы бәрін реттейді. Алдағы 1-2 жылда тіл мәселесінде, бизнесте үлкен оң өзгерістер болады деп ойлаймын. Дәл қазір де оның дәлелдері бар», — деді Қуаныш Бейсек.

Сөзін қорытындылай келе, ол мемлекеттік тілдің болашағы мен оның аймақтық және сыртқы саяси процестермен байланысын түйіндеді.

«Сол себепті бұл елде тұру үшін қазақ тілін білу — өзекті мәселе болып қала береді. Бұл мәселе өзекті болған сайын, көршілес елдермен немесе өркениеттік қақтығыстармен байланысты мәселелер де күшейе түсуі мүмкін. Осындай өзара байланыс жүріп жатыр. Екі процесс те табиғи түрде өрбуде», — деді Қуаныш Бейсек.

Войдите, чтобы оставить комментарий