Әлемдік ғылымға үлес қосқан қазақ ғалымы АҚШ-та қайтыс болды
АҚШ-та қазақ ғалымы, физик әрі өнертапқыш Манат Мауленбай өмірден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол еңбек жолында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жұмыс істеп, кванттық физика саласындағы зерттеулерімен танылған. Сондай-ақ соңғы жылдары медицинада жасанды интеллектіні қолдану бағытында жобалар әзірлеген.
Ғалымның қайтыс болғаны туралы хабарды Халықаралық қазақ ғалымдары мен технология мамандары қауымдастығы (QIST) және Калифорниядағы MCC East Bay мұсылман қоғамдық орталығы растады. Әзірге оның өліміне не себеп болғаны жарияланған жоқ.
Манат Мауленбай Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Шыңжаң университетінің физика факультетін тәмамдап, Қытай ғылым академиясында еңбек жолын бастаған. Сол жерде оның ғылыми қабілетін физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Сэмюел Тинг байқап, кванттық физикамен айналысқан халықаралық зерттеу тобына шақырған.
1988 жылы ғалым Швейцарияға қоныс аударып, Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) және Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінде (ETH Zurich) қызмет атқарды. Еуропада кванттық электродинамика бағыты бойынша докторлық диссертациясын қорғады.
1990 жылдардың ортасында АҚШ-қа көшкен Мауленбай кейін ғылыми ізденістерін медицина саласымен ұштастырды. 2025 жылы әріптестерімен бірге AIxSCAN стартапын құрды. Жоба аясында өкпені тексеруге арналған құрылғы мен жасанды интеллект негізіндегі бағдарламаны әзірлеу қолға алынған. Оның басты мақсаты – дәрігерлерге қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға көмектесіп, медициналық диагностиканы жылдам әрі қолжетімді ету болған.
Манат Мауленбайдың отбасы тарихы Қазақстанмен тығыз байланысты. Анасы жағынан әжесі Шығыс Қазақстанда тұрған. Алайда 1930 жылдары әжесінің отбасы дүние-мүлкінен айырылып, ашаршылықтан аман қалу үшін Қытайға көшуге мәжбүр болған. Арада ондаған жыл өткен соң туыстары қайта табысып, байланыс орнатқан.
Шетелде ұзақ жылдар өмір сүргеніне қарамастан, ғалым Қазақстандағы ғылымның дамуына бейжай қарамаған. Ол елдің ғылыми әлеуетін арттыру және экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жөнінде өз ұсыныстарын білдіріп отырған.
Манат Мауленбай өмірінің соңғы жылдарын АҚШ-тың Калифорния штатында өткізген.
Соңғы жаңалықтар