«Тірі қалғандарың өкінішті» деп ашаршылықты келемеждеген әйел жазаланды

«Тірі қалғандарың өкінішті» деп ашаршылықты келемеждеген әйел жазаланды
Фото: Бейнеден кадр

Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты «Тірі қалғандарың өкінішті» деп пікір жазған әйел айыппұл арқалады. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен пікірдің авторы Қостанай облысының Рудный қаласында тұратыны анықталған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Threads желісінде 1930-1933 жылдардағы қазақ халқының басына түскен ашаршылыққа қатысты «Жаль, что вы выжили» деген пікір тараған болатын. Бұл сөз көпшіліктің ашуын туғызып, желі қолданушылары оны жазған адамды жауапқа тартуды талап еткен.

Редакциямыз Қостанай облыстық полиция департаментіне сауал жолдап, оқиғаның мән-жайын сұрады.

Полицияның жауабына қарағанда, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді бақылау кезінде заңға қайшы жазбаны анықтаған. Тексеру барысында оның авторы Рудный қаласының 44 жастағы тұрғыны екені белгілі болған.

– Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен айыппұл салынды. Полиция азаматтарға интернет кеңістігінде де Қазақстан заңнамасын сақтау қажеттігін ескертеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ, – деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаменті.

Алайда полиция әйелдің нақты қай бап бойынша жазаланғанын және айыппұл мөлшерін ашып айтпады.

Ал блогер Диас Құзайыр бұл оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарына арыз жазғанын хабарлады. Ол әйелді Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни ұлттық алауыздықты қоздыру бойынша жауапқа тартуды сұраған.

БАҚ-та пікір жазған әйелдің есімі Инна болуы мүмкін екені айтылып жүр. Сондай-ақ оның әлеуметтік желідегі парақшаларын өшіргені туралы ақпарат тараған. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қазақ тілінде жазған адамды балағаттаған әйел де жауапқа тартылған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу