Маңғыстауда вахталық автобус жұмысшыны қағып өлтірді

Маңғыстауда вахталық автобус жұмысшыны қағып өлтірді
Видеодан кадр

Маңғыстау облысында Daewoo маркалы вахталық автобус жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ауыр жарақат алған ер адам оқиға орнында қайтыс болды. Қазір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Lada.kz мәліметінше, қайғылы оқиға Ақтау – Қаламқас тасжолының 170-171-шақырымында шамамен сағат 11:30-да болған. Қаражанбас кен орнына қарай бағыт алған вахталық автобус аялдама маңында жолдан өтіп бара жатқан ер адамды қағып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қызметкері болған. Компания қайғылы жағдайды растады. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде де тарады. Кадрларда жол жиегінде жұмыс киіміндегі адамның жатқанын көруге болады.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті жаяу жүргіншінің оқиға орнында көз жұмғанын растады. Апатқа қатысы бар автобус арнайы тұраққа қойылған.

Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында апаттың себептері мен жол қозғалысы ережелерінің бұзылған-бұзылмағаны тексеріледі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу