"12 жерінен пышақтап, 32 метр сүйреген": Абай облысында бойжеткенді сүйген жігіті өлтірді деген күдікке ілінді
Абай облысы Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ есімді студент қызды бұрынғы жігіті аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның әкесінің айтуынша, қайғылы оқиға 13 тамыз күні түнде орын алған. Қыз бұрынғы жігітімен кездескен кезде арада жанжал шығып, жігіт оның соңынан қуып барып, пышақпен шабуылдаған.
«Кейін жігіт қызыма бірнеше рет пышақ сұққан. Мойынына пышақ тыққан… Қызым жарақаттардан жерге екі бетімен құлаған. Сол құлаған жерінде де тағы да бірнеше рет пышақтаған. Шалқасымен жатқызып, қызымды екі қолтығынан тартып 32 метр сүйреген. Жалпы қызға 12 рет пышақ салған», – дейді марқұмның әкесі.
Сараптама мәліметтеріне сәйкес, жарақаттардың тереңдігі 7,7 см-ге дейін жеткен. Шабуылдан кейін күдікті қыздың телефоны мен киімін орманға лақтырып, пайдаланған пышағын үйінің сыртындағы әжетханаға тастап кеткен. Мамандар бойжеткеннің шабуылдан кейін де біраз уақыт тірі жатқанын анықтаған.
Марқұм Дильназ Шәкәрім университетінің 3-курсына өткен, отбасындағы жалғыз перзент болған. Қазіргі уақытта іс тек 99-баптың 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қаралуда, ал марқұмның туыстары оны «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабына ауыстыруды талап етуде.
Абай облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарының аяқталғанын, күдіктінің қамауда екенін және іс жақын арада сотқа жолданатынын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар