14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты 6 оқушы қамауға алынған

14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты 6 оқушы қамауға алынған
28.12.2024 16:16
0
397
видеодан алынған кадр

Ақтөбе облысындағы 14 жастағы жасөспірім Нұржан Сыдықовтың өліміне қатысты іс бойынша 6 оқушы қамауға алынған.

Бұл туралы марқұм жасөспірімнің әпкесі Аяжан Сыдықова мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілердің бірі спорт шеберіне үміткер болып шыққан. Мектеп оқушыларының ата-аналары мен бір мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның отбасы қылмыс туралы хабарламағандарға қатысты да іс қозғауды сұрап отыр. 

Айта кетейік, 2 қыркүйекте Темір ауданы Қопа ауылында бір топ жасөспірім ауыл шетінде 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдықовты соққыға жыққан. Жедел жәрдем келгенше бала жан тапсырған. Қайғылы оқиға орнында 18 адам болғаны анықталды.

Нұржан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай әпкесі Аяжан Сыдықова мектепте әлімжеттіктің өршіп тұрғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 11-сынып оқушыларының айтуымен 10-сынып оқушыларын Нұржанды ұруға мәжбүрлеген көрінеді. Бұл деректі бас прокурор Берік Асылов та растап, істің тергеу барысын жеке бақылауына алғанын мәлімдеген еді. 

Бастапқыда қылмыстық іс "абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша тергелсе, 24 қазанда бұл бап "алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру" бабына өзгертілді. 

Аталмыш іс бойынша қазір тергеу изоляторында 6 мектеп оқушысы отыр.

“Қосымша сараптама тағайындалды. Қорытындыны оқыдық, бірақ ол әлі ресми түрде дайын емес. Бұған дейін өлімнің биологиялық себептері анықталса, қазір өлімнің физикалық себептері, яғни соққылардың қалай және қай жерден жасалғаны анықталып жатыр”, – деді марқұмның әпкесі.

Сондай-ақ Аяжан Сыдықова кісі өлтірді деген күдікке ілінген мектеп оқушыларының бірі спорт шеберлігіне үміткер екенін айтты.

“Іс кәмелетке толмағандарға қатысты болғандықтан, әзірше бұдан артық айта алмаймыз. Бірақ бауырыма соққыларды қарапайым адам емес, кәсіби маман жасағанын анықтадық деп айта аламын. Бұл жағдай қосымша дәлел ретінде пайдаланылады”, – дейді ол. 

Нұржанның отбасы оқиға орнында болған куәгерлердің барлығын "қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша жауапқа тартуды талап етіп отыр. 

“Барлығы 18 адам болған. Қылмыс туралы хабар бермеген немесе оқиға орнынан кетіп қалғандардың жазаланғанын қалаймыз. Арыздың қабылданбауы да мүмкін, себебі күдіктілердің бірі көмек шақырған”, – деді Аяжан Сыдықова.

Марқұмның әпкесі жасөспірімдердің ата-аналары мен бір мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын да атап өтті. 

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или