«18 литр қан»: Шымкентте босануға барған келіншек перзентханада көз жұмды

«18 литр қан»: Шымкентте босануға барған келіншек перзентханада көз жұмды
10.10.2025 09:33
0
268
Видеодан скриншот

Шымкент қаласында болған бұл ауыр жағдай қоғам назарын аударды. Өз аяғымен перинаталдық орталыққа барып, аман-есен ұл бала босанған Зарина Сұлтан босанғаннан кейін денсаулығы күрт нашарлап, 33 күн жансақтау бөлімінде жатып көз жұмды.

Марқұмның анасы Нышангүл Тулеева қызының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп санайды. Оның айтуынша, жас анаға дер кезінде қажетті көмек көрсетілмеген. Науқастың қызуы көтерілгеннен кейін антибиотик салынғанымен, жағдайы ауырлай түскен.

Бірінші көмек көрсетілмеді, адреналин салынуы керек еді. Ондай ауруханада адреналин болмауы мүмкін емес. Дәрігерлер бастапқыда не болып жатқанын өздері де түсінбей, бірде ‘жатырда вирус бар’ деді, бірде ‘сепсис’ деді. Тіпті біздің келісіміміз болмаса да жатырды аламыз деп айтты. Сол кезде 18 литр қан құйылды, бірақ оның қайда кеткенін өздері де білмеді, – дейді анасы.

33 күн бойы өмір үшін күрескен Зарина, өкінішке қарай, аман қалмады. Артында екі баласы – жаңа туған сәбиі мен екі жасар ұлы қалды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы дәрігерлердің әрекетіне күмәнмен қарап, әділ тергеу жүргізілуін талап етуде.

Осы жағдайға қатысы бар барлық дәрігер жауапқа тартылсын. Ертең тағы бір ананың өмірі қиылмасына кім кепіл? Тергеу әділ өтеді деп сенгіміз келеді, бірақ бәрі өз адамдары болып шығуы мүмкін деген күмән бар. Мұндай салғырттық қайталанбасын деп тілейміз, – дейді марқұмның анасы.

Қазіргі таңда Зарина Сұлтанның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Шымкент қалалық №1 перинаталдық орталығының мамандары өздерін кінәлі санамай, барлық қажетті медициналық шаралар жасалғанын айтады.

Біздің дәрігерлер ананың өмірін сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті жасады. Барлық клиникалық хаттамалар мен медициналық талаптар сақталды. Қазір қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, нақты себеп сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін анықталады, – деді орталық бас дәрігерінің орынбасары Ақмарал Махашева.

Айта кету керек, марқұм Зарина Сұлтанның өзі де дәрігер болған. Ол Алматы қаласындағы медициналық университетке грант негізінде түсіп, жалпы медицина мамандығы бойынша жеті жыл білім алған. Өз мамандығына адалдықпен қарап, өмірін адам өмірін сақтауға арнаған жас дәрігердің өзі ана ретінде осындай ауыр тағдырға тап болды. Бұл оқиға қоғамда медициналық жауапкершілік пен ана қауіпсіздігі мәселесін қайта көтеріп отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий