Павлодарда шәкіртіне қол көтерген жаттықтырушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Павлодарда шәкіртіне қол көтерген жаттықтырушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: ІІМ

Павлодарда волейбол жарысы кезінде жасөспірім қызға қол көтерген шымкенттік жаттықтырушының әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 26 қазанда Павлодарда өткен волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші турында болған. Жарысқа 2009 жылы туған және одан кіші жастағы қыздар қатысқан.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жаттықтырушы Хамит Мырзабековтің өз шәкіртін басынан ұрғаны көрінеді.

Павлодар облысының Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

«Волейбол командасының кәмелетке толмаған қатысушысына жаттықтырушының күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Жаттықтырушының әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», деп хабарлады полиция.

Тергеу барысы полиция басшылығының бақылауына алынған.

Хамит Мырзабеков бұған дейін шамамен 6 немесе 7 ай бойы Шымкенттегі «Волейбол Кидс» жеке клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Оқиғадан кейін ол қызметінен босатылды.

Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы жаттықтырушыны 2 жылға жарыстардан шеттетті. Осы мерзімде оған жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналысуға, федерация өткізетін жарыстарға қатысуға тыйым салынды.

Жарысты ұйымдастырған лигаға тиісті бақылау жасамағаны үшін сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Шымкент қаласының волейбол академиясына да сөгіс берілді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу